2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
– Бүгін төрт министр бірігіп үлкен бір жобаның тұсаукесеріне келіп отырмыз. “Асыл мұра” жобасының идеялық жетекшісі – ұзақ жылдар бойы Мәдениет министрі болған Жексенбек Еркімбеков, екінші оны өзі бастап, жүзеге асырған бұрынғы Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосыбаев еді. Оны әрі қарай өз дейгейінде жалғастырған Дүйсен Қасейінов болды. Маған осы жобаның алғашқы кезеңін аяқтау бұйырып тұр, – деді.
Министр аталмыш жоба аясында Күләш Байсейітова, Амангелді Сембин, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Жаппас Қабанбаевтың музыкалық мұралары, Дәулет Мықтыбаевтың орындауындағы ғажап күйлер, бүгінгі музыка өнерінің классиктеріне айналған Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Жамановалар қазіргілермен қауышып, кейінгілерге мирас етіп қалдырылып жатқандығын атады.
Сондай-ақ Мұхтар Абрарұлы мәдениеттің жақсы меценаты бола білген “Кока-Кола” компаниясына да алғыс білдіре келе, министрлік бұл жобаны жаңа меценаттар тауып, әрі қарай жалғастыруға мүдделі де міндетті екендігін жеткізді. Экс-министрлер де Мұхтар Абрарұлының ойын қолдады.
Реті келіп тұрғанда мұндай мұрағаттық CD-таспа шығару – ықтиятты да жауапкершілігі мол жұмыс екендігін айта кетелік. Дыбыс таспалары мұрағаттарда жарамды мерзімі шектеулі, көнерген магнитті таспаларда сақталынып келгені белгілі. Таспалардың магнитсізденуі немесе ескіруіне байланысты шашылып қалу қаупі әрдайым жоғары. Мұндай жағдайда бірегей жазбалар қайта қалпына келмеуі де әбден мүмкін болатын. 2001 жылдан бері Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағаты “Кока-Кола” компаниясының қаржылай қолдауымен жәдігер дауыстарды заманауи сандық дыбыс тасылмалдағыштарға көшірумен айналысып келді.
“Асыл мұра” жобасының арқасында көптеген көрнекті қазақ сазгерлерінің, күміс көмей, жез таңдай қазақ әншілерінің архивтегі дарынды шығармалары ұқыппен сұрыпталды. Қайта қалпына келтірілді. Осы жобаның мамандары қазақ өнерінің дарынды өкілдері тудырған туындыларды бүгінгі тыңдаушыға жеткізу үшін әрбір таспаны жасау барысында айлар бойы тер төкті.
Сөз соңында, қуана атап өтерлік жәйт, “Кока-Кола” компаниясының Еуразия, Африка елдеріндегі үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Кадри Озен мырза “Асыл мұра” жобасын жалғастыруға атсалысатындықтарын мәлімдеді.
Айнаш ЕСАЛИ.
ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНА — ЕЛІМІЗДІҢ ЕҢ БАСТЫ КІТАПХАНАСЫ
Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада болды. Еліміздің ең басты кітапханасында қазір 6 миллиондай кітап қоры бар екен.
Министрдің білім кемесі тәрізді, байырғы да басты кітапханаға келудегі мақсаты – Ұлттық кітапхананың ұжымымен кездесу, оның қызметімен танысып, түйінді мәселелер мен алдағы міндеттерді айқындау болатын. Оған қоса жазба мұраларымыздың ордасы, методикалық және библиографиялық орталық 2010 жылы өзінің 100 жылдығын атап өтетін болады. Ең алдымен Мұхтар Абрарұлы кітапханада жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты.
Өйткені, оның соңғы 35 жылдың ішінде күрделі жөндеусіз қызмет еткенін ескере отырып, министрліктің ұсынысымен, 2006-2008 жылдары республикалық бюджеттен Ұлттық кітапханаға 910,0 миллион теңге бөлінген болатын.
Әрине, бұл аз қаражат емес. Мемлекет қоржынынан кітапханаға құйылған қаржы қаншалықты тиімді пайдаланылғанын білмекке келген министр сағаттан астам уақыт бойы кітапхананың бүкіл бөлімдерін, оқу залдарын, оның тамаша кітап қорын, сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімін ұңғыл-шұңғылына дейін аралап көрді. Бүгінгі заманда қолыңа күндіз шырақ ұстап шықсаң да табылмайтын бірнеше ғасырлық тарихы бар көне кітаптардың сақталыну барысымен танысты. Кітапхананың ғылыми зертханасындағы құжаттар мен кітаптарды консервациялау мен қалпына келтіру қандай әдіс-тәсілдермен жүргізіліп жатқандығын көрді. Министр осы кездесудегі туындаған мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берді. Кітапхананың қазіргі жай-жапсарымен толықтай танысып шыққан Мұхтар Абрарұлы журналистерге берген сұхбатында бүгінде Ұлттық кітапхананың 5 мыңдай тұрақты оқырманы бар екендігін атай отырып:
– Бұл мемлекетіміздің ең басты кітапханасы. Қазір бізде 6 миллиондық кітап қоры бар басқа кітапхана жоқ. Осы кітапханаға еліміздің барлық үлкен ғалымдары қарыздар. Елбасының қамқорлығының арқасында кейінгі 3-4 жыл ішінде Ұлттық кітапханаға соңғы жылдары 1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бірақ, біз бүгін көріп отырғандай, едендік қабаттарда орналасқан кітапхана қорына қайтадан жөндеу жұмыстарын қолға алу керек. Олардың бәрі күрделі жөндеуден тыс қалған. Екінші үлкен мақсат – кітапхана қорындағы әсіресе, сирек кездесетін кітаптарды заманауи сандық технологияларға көшіру қажет. Қазіргі заманда жастар компьютерсіз жұмыс істемейді. Сонда олар үйінде отырып-ақ, кітапхананың кез келген кітабын ақтарып қарап, өзіне керек мағлұматтарды пайдалана алады. Өйткені, әлемдік кітапханалардың бәрінде осындай үрдіс қалыптасқан. Кітапханың басшылығы осы мәселемен айналасуы керек, – деді.
Министр БАҚ өкілдерімен өткізген брифингтен кейін Ұлттық кітапхананың ұжымымен кездесті.
Алматы.