2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Расында да, Дінбасы дін істерін қаншалық өркениетті жолға сала алды? Оның тікелей бастамашылығымен ең алдымен орта және төменгі буындағы барлық діндарларды, атап айтқанда, ауыл, кент, аудан, қалалардың үлкенді-кішілі мешіттерінің молдалары мен имамдарын арнайы комиссия құрып, 3-4 жыл бойы облыстар мен өңірлерді аралап, сараптаудан өткізді. Сараптау барысы көрсеткеніндей, діндарлардың дені өз саласы бойынша кәсіби білімі мен біліктілігі жағынан тым олқы түсіп жатты. Кім-кімге де белгілі, дініміз де ел тәуелсіздігімен бірге өз еркіндігін алды. Кеңес заманында дінді тұншықтырмаса, керісінше ешкім де оған жанашырлық таныта қойған жоқ. Сондықтан, дін мамандары да дайындалмады. Ондай ықылас-ниеттің де болмағаны түсінікті. Дініміз еркіндік алды, оның дамуына даңғыл жол ашылды дегенмен, шындығын айтқанда Әбсаттар Дербісәлі дін басшылығына келгенше бұл салада мардымды іс атқарылмақ тұрмақ, тіпті қолға алынғанының өзі көңіл көншіте қоймады. Қай салада болмасын іс тетігін білікті де білімді, іскер де қабілетті мамандар шешпей ме? Бұл орайда бұрынғы дін басшылығының ашқан 2 жылдық оқу орны “Ислам университеті” деп аталғанымен, шын мәнінде бүгінгі діни сауат ашу курсымен деңгейлес еді.
Әбсаттар Дербісәлі осы “университет” базасы негізінде мемлекеттік тиісті құзырлы орындар алдына мәселе қойып жүріп, бүгінгі уақыт талабына сай келетін Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетін ашқызды. Оған Білім және ғылым министрлігінің лицензиясы беріліп, Парламент қарап, Елбасы Жарлығымен ратификацияланды. Онда сала-сала бойынша Египет және Қазақстанның ғылым докторлары мен кандидаттары дәріс береді. Содан бері осынау еліміздегі бірден-бір діни жоғары оқу орнын әлденеше дүркін бітірген түлектер бұл күндері еліміздің үлкенді-кіші мешіттерінде білікті имам хатиб қызметін атқаруда. Бұл оқу орнының екінші кезегін іске қосу шаралары қолға алынды. Сөйтіп бірте-бірте университет өзінің әу бастағы жобаланған қуатына жететін болады.
Мұндай маманды даярлағанша мешіттерді ұстап отырған молдалар мен имамдардың білімін көтеріп пайдалана тұру қажет емес пе? Білімің жетпейді деп қызметтен босата берсе оларды алмастыра қояр ешкім де жоқ. Сондықтан да жоғары оқу орнында көп жыл ұстаздық еткен білікті де тәжірибелі басшы оқу-ағарту жүйесіндегі қалыптасқан оқытушылардың білімін көтеру тәсілін дін қызметкерлеріне де қолдану қажет деп шешіп, арнайы Ислам институтын ашты. Оқу мерзімі – 4 ай. Осы мерзімге лайықталып 14 пәннің негізгі тоқетері бойынша бағдарлама түзілді. Оған діни басқарма жүйесінде жоғары діни білімді мамандар ұстаздыққа тартылды. Содан бері одан 11 топ, яғни 510 имам мен молда дәріс алып шықты. Недәуір білім алған олар қызметтерін бұрынғысымен салыстырғанда едәуір жандандыра түсті.
Иә, бүгінгі таңда қандастарымызды діни сауаттандыру мәселесін барынша көтеру қажет. Мұның пайдасы көп. Біріншіден, ұлтымыздың тұтастығы сақталады. Дінбасы Әбсаттар қажының“Бір ұлт – бір дін – бір мәзһаб!” идеясын көтеріп жүруінің де мән-маңызы ерекше. Бір ұлттың бірнеше дін тұрмақ, әлденеше ағымдар мен топтарға бөлінуінің соңы әлемнің өзге елдерінен көрініп отырғанындай ауыр қасіретке соқтырады. Ұлт та, мемлекет те тұтастығын жоғалтып, бөлшектеніп кетеді. Мұның бір мысалы – Югославия! Одан Құдай сақтасын! Қазақ аз санды. Отаны да бір ғана Қазақстан! Халқымыз сан ғасырлық бодандық қамытынан құтылып, өз алдына дербес мемлекеттігінқұрғандаоныңбірлігіментұтастығынсақтап,баяндыете түсуде Дінбасы көтерген “Бір ұлт – бір дін – бір мәзһаб!” идеясын жүзеге асырудың соншалық қажеттігінің байыбына көпшілік әлі бара қоймағандай. Осы арқылы ғана ел халқының 60 пайыздан астамын құрап отырған байырғы тұрғындарының бірлігі мен біртұтастығы сақталумен қатар мемлекетіміздің іргесі де нығая түседі. Екіншіден, осы тұтастық пен бірлік мемлекетімізді Елбасы алға қойған міндет – әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына қосылуына алғышарт жасайды. Бірлігі мен ынтымағы күшті мемлекеттің діні де күшті. Дінбасы Әбсаттар Дербісәлі ұстанған, алға қойған мақсаты да осыған жету.
Дінбасының тағы бір тындырған айта қаларлықтай ісі – еліміздегі мешіттердің басын қосып, бір орталықтан қызметтерін үйлестіруі. Дін туралы заңның осалдығынан мешіттердің дені өз алдына жеке бірлестіктер құрып, өзімізде діни тұтастық сақталмады. Әбсаттар Дербісәлі Бас мүфти қызметіне кіріскенде еліміздегі 1404 мешіттің небәрі 284-і ғана діни басқармаға қарайтын. Ал, өзгесі үй ішінен үй тігіп кеткен-ді. Оның әрбірі заң бойынша қоғамдық бірлестік ретінде Діни басқармамен тең құқылы еді. Сол өз алдына үй ішінен үй тігіп, Абай айтқандай: “Бас-басына би болған өңкей қиқымды” бір орталыққа топтастыру Дінбасы үшін оңай шаруа болмағаны айтпаса да түсінікті. Бұл күндері еліміздегі мешіттердің ұзын ырғасы 2300-денасып жығылды. Оның саусақпен санарлықтай ғана бөлігі қазірге өз алдына жеке діни бірлестік ретінде өмір сүріп жатыр. Діни басқарма қарауындағы мешіттердің жеке діни бірлестіктегілерден артықшылығын уақыт өзі көрсетуде. Аллаһ нәсіп етсе, сол азшылықтың да осынау іргелі діни орталыққа бөлімше ретінде тіркелуін сұрап өтінішпен келер күні де алыс емес.
Енді өзіме және хәл-қадерімше араласып жүрген істерге қатысты мүфти-хазіреттің дін саласының жетекшілері мен зиялы қауым арасын жақындастыруға үлгі боларлық қызметіне тоқтала да кетейін. Ол Діни басқарма жанынан зиялы қауым өкілдерінен ақылдастар кеңесінің құрылуы. Алғашқыда бұл қалай деп ойға қалсам, келе-келе бұл үлкен істің басы екеніне көзім жетті. Жоғарыда айттым, қоғам дінсіз болмайды, дін мемлекеттен бөлінгенмен қоғамнан қалайша бөлінбек, бірақ кеңестік идеологияның құлаққа сіңісті, сананы тұмшалаған біржақты үгіт-насихатынан әлі дін туралы қазақ қауымында ескі түсініктер бар екенін естен шығармаған жөн. Қазіргі кездегі “үлкендеріміздің” дені атеистік бағытта тәрбиеленіп, өсіп-жетілгендер, олар дін ісін өз мәнінде пайымдай алмауда. Дін жанашырлары, жақтаушылары – негізінен жастар. Ал, жастар араласқан істің болашағы зор болары көпшілікке белгілі. Олай болса, сол жастарға көшбасшы болатын тәжірибелі зиялы қауымның болуы қажеттілік емес пе? Осы қажеттілікті терең түсінген, ғалым, мүфти-хазірет Әбсаттар қажы, зиялы қауым өкілдерінен кеңес құрып, Қазақстандағы діни істер тарихында жаңалық бастады. Әрине, хазіреттің бұл ісіне түсінбегендер де болған шығар. Намаз оқымайтындарды мешітке жақындатпау керек дейтін ортодокс ағайындар әлі де баршылық. Менің есіме, осы тұста Малайзия елінің экс-премьер-министрі Махатхир Мохаммадтың мұсылман әлемінің өркениет үрдісінен кенже қалып қойғанының бір себебі, мұсылмандардың өз ішіндегі бірліктің, түсіністіктің болмауынан деуі әбден дұрыс. Базбіреулер ислам дінінің негізгі қағидасына қатысты емес жайларын дау-дамайға айналдырып, соған күш-қуаттарын рәсуа етіп, дініміздің өзге әлемдік діндермен бәсекеде қуатын шектеп кенжелеп қалудамыз. Кезіндегі мұсылман әлемінің дүниежүзілік қуаты, мұсылман Ренессансы қайда, неге мұсылман елдері Батыс өркениетінен кенже қалды, неге тіптен араб елдерінің бас бірлігі жоқ, сірә өзін саналы мұсылманмын деген адамға ойланатын уақыт жетті. Қазақ қоғамына ислам туралы ғылыми әрі өркениеттік түсінік әбден қажет.
***
Мүфти-хазірет – ғалым. Осы тұжырымға ешкімнің таласы жоқ. Менің қолымда Алматыдан 2003 жылы шыққан “Ислам және заман” деген кітап бар. Онда хазіреттің әртүрлі басылымдарға берген сұхбаттары, жарияланған мақалалары, құнарлы ойға бастайтын жазбалары, әдеби зерттеулері, жақсы адамдар, еліміздегі игі шаралар туралы пікірлер жинақталып жарияланған. Оқып отырсақ, мүфти-хазіреттің ғажап әлеміне енесің. Ең бастысы, осы аумақты, көлемді кітаптан жалған түгілі адамның жанына сәл салқын тигізетін сөз де таппайсың. Бұл керемет қасиет. Адам туралы жақсы сөз айту, көп ағайынның қолынан келе бермейді. Керісінше, қайткенде адам бойынан көп “қан” шығарып, қалайша оның жанын мейлінше жараламақ мақсатында неше түрлі сөздерді қолданып, өзінің сондай пасықтық әрекетіне разы болатындардың барлығына, тіптен кейінгі жылдары қазақ басылымдары көбейіп, сөз, пікір бостандығын желеу етіп жүргендер қатары толығып бара жатқаны заманымыздың келеңсіз көрінісі. Мүфти-хазіреттің жақсы сөздері жұртшылықты имандыққа, адамдықтың асыл қасиеттерін дәріптеуге шақырып, рухани тазалығымыз туралы толғанысқа түсуін халық құрметпен қабылдап отырғаны да шындық. Жақсы сөзді, құдайға шүкір, елімізде айтушы зиялы қауым өкілдері баршылық, мен кей ағайынның елде зиялы қауым жоқ, жақсы сөз айтатындар жоқ дегенімен келіспеймін, мәселе сол жақсы сөзді кімнің айтуында, мүфти-хазіреттің аузынан шыққан, қаламынан туған жақсы сөздер, елге нұрланып жетпек, себебі, ол біздің руханикөшбасшымыз, ол бас мүфти-хазірет, ол Қазақстанмұсылман қауымының сөзін сөйлеуші, мұңын мұңдаушы, жоғын жоқтаушы, халыққа жөн сілтеуші. Сондықтан мүфти-хазірет не айтар екен деп үміт етіп отырған мұсылман қауымы, ол кісіні тыңдағанда, мақалаларын, кітаптарын оқығанда бір серпіліп қалатыны да шындық. Өзі айтқандай “тәуекел деп кірістім, жауабы зор жұмысқа” дегендей, Әбсаттар қажы Дербісәлі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жиырма жылдан аса қызмет етті. Осы мерзім ішінде араб тілі мен әдебиет бөлімін, шығыстану факультетін ашып, кейінірек университеттің халықаралық байланыс жөніндегі проректоры болды. Ол кісі дайындаған мамандар дипломатияда, Парламентте, жоғары оқу орындарында, шет елдерде қызметтер атқаруда. Әбсаттар қажы 600-ге жуық еңбектердің авторы, оның ішінде 1982 жылы “Мектеп” баспасынан жарық көрген “Араб әдебиеті” кітабы шығыстану факультетінің студенттеріне арналған. Осы кітапта “Құран – араб әдеби ескерткіші” деген тарау болды, ол кезде атеизм мемлекеттің идеологиясы болып, цензураның қылышынан қан тамып тұрғанда бұдан артық айту мүмкін емес-ті. Осы еңбек туралы академик Әлкей Марғұлан “Қазақ әдебиеті” газетінде “Жаңа дүниенің жақсы нышаны” деген тақырыппен кітапқа рецензия жазды. 1978 жылы профессор Әбсаттар Дербісәлі “Көгілдір күмбездің көне жазулары” деген мақала жариялады. Онда ол Түркістандағы Қожа Ахмет Яасауи кесенесіндегі жазуларды, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінен алынған үзінділерді аударып, жұртшылыққа таныстырды. Міне, Әбсаттар қажының бүгінгі күнге келуінің кейбір көріністері. Кеңестік заманның өзінде, ол кісінің елді имандыққа шақыруы елеулі болатын, кейінірек 1997 жылдан 2000 жылға дейін Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшілігінде кеңесші болып, екі елдің достығының қалыптасуына мол үлес қосты, сол жылдары Мекке, Мединеге он жеті рет барған, оның үшеуі – қажылық, он төрті – ұмра. Осының бәрі Әбекенің үлкен іске дайындығы еді. Мекке, Мединеге соншама рет барғаны әншейін сапар емес, онда мұсылман әлемінің көрнекті ұстаз, ғалымдарымен кездесіп, дін ісі туралы өте мазмұнды әңгімелер болған.
Дін мен ғылымды бір-біріне қарама-қарсы емес, керісінше, олардың бірлігін түсіну Қазақстан діни басқармасына Әбсаттар Дербісәлі қажының Бас мүфти болып сайланғанынан кейін орнаған жағдай десек қателеспейміз. Өзі жастайынан ғылым жолына түсіп, араб тілін, мәдениетін еркін меңгерген Әбсаттар Дербісәлінің діни жолға түсуіне даярлығы мол еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессорлық қызмет атқарған Әбекең сол кездің өзінде-ақ қазақ жұртшылығының аузына ілінген білімді азамат-ты. Әбсаттар қажының бойындағы осы ғылымға деген құрмет, оның бас мүфтилік қызметінде айрықша көрініс тапты.
Діни сезім – адамныңең жанды жері. Бәріміздің көңіліміз күпті болып, дін мәселесінде өзге елдерге қарап, олардың іргелі істерін көріп, іштей намыстанып жүруші едік. Әбсаттар кажы келісімен Қазақстандағы дін ісі қарқындап дами бастады. Дін ісі сауаттылықты әрі өркениеттілікті талап етеді, орталық мешіт қасынан Діни басқарма кеңсесі салынып, онда әртүрлі мәжілістер, шетелдік меймандарды қарсы алу мүмкіндігі орнады. Имам-хатибтердің кәсіби киімдерін бір ізге салып, оларға жаңа дизайн үлгісінде киім тіктірді. Бүгінде халық діни қызметкерлердің аузынан шыққан дұғаға ғана емес, оның харизміне де көңіл бөледі, осыны ескерген мүфти-хазіреттің қаншама қыруар шаруа атқарғанын халық көріп отыр. Діни басқарма жанынан екі басылым жарық көруде, ол “Ислам және өркениет” газеті мен “Иман” журналы. Ислам ісіне осындай ағартушылықты алып келген Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлінің қызметіне қалайша разы болмассың.
Әбсаттар қажы Дербісәлінің Бас мүфти болуымен елімізге Қадір түні және хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың маулид ан-набауи аш-шариф – туған күнін тойлау мерекесі бірге келді. Бұрын бұл қасиетті мейрамдарға онша мән беріле бермейтін. Ғалым мүфти 1000 жылдан абзалырақ, адам баласы тағдыры шешілетін қадірі мол Қадір түні мен жер жаһан халықтарына пайғамбар ретінде жіберілген Алла елшісінің (с.ғ.с.) туған күнін жалпыхалықтық мереке деңгейіне көтере алды. 2000 жылы алғаш рет теледидар арқылы түнгі 00-ден таңғы 6-ға дейін Алматыдағы бас мешіттен Бас мүфтидің ұйымдастыруымен жүргізілген Қадір түніне арналған тікелей репортажды ешкім де ұмыта қоймас. Халық рухани байып, имандылыққа бет бұрды. Пайғамбарымыздың туған күнін Бас мүфти республикамыздың25 ұлттан тұратын мұсылмандарының басын қосып, ынтымаққа ұйыту үшін де пайдалануда.
Діни басқармаға ТМД елдерінің көрнекті дінбасшылары Кавказдың Бас мүфтиі Аллаһ Шүкір Паша Заде, Орта Азиядан Өзбекстанның Бас мүфтиі Усманхан Әлемов, Тәжікстанның дінбасы Аманолла Нығметзаде, Қырғызстанның рухани жетекшісі Мұратәлі Жұманов, Ресей мүфтилер Кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин, сондай-ақ бүкіләлем сүнниттерінің ұлық имамы доктор Мұхаммед Саид Тантауи (Египет), Бүкіләлемдік Ислам Лигасының бас хатшысы Абдалла бин Абд әл-Мухсин ат-Түркилер (Сауд Арабиясы) де келіп, Қазақстанның дін жетекшісімен пікірлесіп, ақылдасып тұру дәстүрге айналды.
Менің, сірә мүфти-хазіреттің жеке басына мінездеме беруім жараспас, бірақ замандасым болған соң, тағы да қосымша айтарым, ол кісінің алды кең, ізгілік қасиеттері мен парасаттылығы жүзінде, әдемі күлкісінде, жылы жүрек жеткізер жақсы сөзінде, Аллаһ тағала оған ұзақ ғұмыр, зор денсаулық берсін деген тілегімді де қосқым келеді.
Хазірет Әбсаттар Дербісәліге мен баға беретін адам емеспін, жалпы алғанда пендеге сұрақ беріп, оның кім екенін анықтау бір Жаратушы-Аллаһтың ісі. Біз болсақ, замандас, әріптес болғандықтан өз ой-түсінігіміз, пікірімізді білдіріп жатырмыз. Ойлаймын, ол да Абай айтқан ғамалус салих, ізгі іс, ізгі сөз кімнің болсын дүниесін жарық етпек. Жақсы сөзді айтуды дағдыға айналдырған жанды, мен өз түсінігіме салып, оны кәміл мұсылман қатарына санаймын. Міне, сондай нұрынан ізгілік нышаны үнемі аңғарылып тұратын жан – мүфти-хазірет Әбсаттар қажы.
Жан жомарттылығы кісілікке бастайтыны туралы мұсылман ғұламалары талай айтқан. Жан жомарттылығы тек тәрбие, білім жетілдірумен бойға ене қоятын қасиет емес, ол текпен, ата сүйегімен, ана сүтімен келіп барып, өсіп-өнетін сирек қасиеттердің бірі. Сол сирек қасиетті мен Әбсаттар қажының болмысынан тапқаныма дән разымын. Себебі ерекше қасиетті қадірлеу адамныңөзін-өзі тануына бастайтын қуат. Сондайқуатқа мен хазіретпен аралас-құралас болып жүргенде баий түскендей сезінемін. Бұл менің еліміздегі күллі діндес бауырлардың рухани жетекшісі туралы айтқанда Қадір түнінің алдында ағымнан жарылған сөздерімнің бір парасы ғана, құрметті жамағат!
Авторы: Ғарифолла ЕСІМ, академик, сенатор.