2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Тәуелсіздік жылдары “Егемен Қазақстан” анадан жаңа туғандай қайта жаңғырды. Ол – ұлттық рухтың қасиетті қара сабасы. Ол – ұрпақтар жалғастығының алтын арқауы. Ол – елімізде тұратын ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің ортақ мәртебелі мінбесі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев дамудың топырағымызда туған қазақстандық жолын ұсынғанда ата газетіміз оның мәні мен мәнісін бұқараға ұғынықты жеткізді, жеткізіп келеді де.Мен қазақ хандары, билері мен батырлары, тағдырлы оқиғалары жайлы тарихи-танымдық мақалаларды оқығанда арқаланып, мемлекетті ұйыстырушы ұлттың өкілі болғанымды мақтан етемін. Әлемдік өркениеттер және тұлғалар туралы толғаныстар көптің рухани сұранысына жауап береді. Оқтын-оқтын жарияланып жүрген жыр жауһарлары, әңгімелер балалық шаққа алып барады, бозбала сәтті елестетеді, толысқандағы азаматтық парыз құлаққа еніп, жүрек төріндегі жылы ұясына қонады. Тамаша сезім ләззаттары!“Егеменнің” орнықты қазақи мінезі, сегіз қырлылығы, байсалды ұстанымы ұнайды. Бала кезімдегі марқасқа, ақылман, ауылдың абыз ақсақалдарынан аумайды. Айқай-шу, желөкпелік, кенеусіз ауызға ерік берген жеңілтектік жоқ. Оның бүгінгі өмір жайлы тереңнен толғап, жан-жақты сараптап, кемшін жерлерімізді суыртпақтап шығарған мақалаларын сүйсіне оқимыз. Ата газет қарымы қаржы дағдарысынан аз шығынмен алысқа кетуге ұмтылған мемлекетіміздің, ірі және кіші бизнес өкілдерінің, қатардағы қазақстандықтардың іс-әрекетін, жаһандық тәжірибені баяндау стилінен көрініп отыр. Тәубе дейміз.Еліміздің экономикасы жаңа белеске көтерілді. Мәдени-тұрмыстық жай-күйіміз жақсарып келеді. Жарқын болашағымыздың кепілі ХХІ ғасырдың алтын жастарының алғашқы легі аренаға шықты. Ұлттық рухтың қара сабасы “Егемен Қазақстанды” оқыған олар Отанымыздың көк байрағын дүниежүзілік өркениеттің ең бір биік шыңдарына көтере беретініне сенемін.
Авторы: Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ, Жезқазған қалалық мемлекеттік мұрағатының директоры.