Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Наурыз Қазығұрттан басталған

Наурыз Қазығұрттан басталған

Дүйсенбі, 13 қараша 2006Қазығұрт – Тянь-Шань таула­рының батысында өзімен өзі оқ­шауланған жеке тау. Сырт жағын­да Қаржан, Өгем таулары төбесі­нен төніп тұрғанда Нұх пайғам­бардың кемесі неге осы аласа тауға қайырлады деген сауалға жауап іздеушілер ықылым заман­нан бері табиғатта талай тосын оқиғалардың болғанын, аспанмен амандасқан шыңдардың шөгіп, жаңа жас таулар жанартау әсерінен өсіп шыққанын айтып жатады.

Қалай десе де Қазығұрт қазақ үшін өте ыстық. Алла тағала жер бетіндегі адамдардың шектен шыққан күнәсіне назаланып, аспаннан от жаудырып, артынан топан суды қаптатқанда Нұх пайғамбар Алланың мейірімімен ізгі ниетті адамның қос жұбын, жан-жануарларды да жұптап алып, кемесімен сақтап қалған деседі.Наурыздың 19-ында Қазығұрт ауданы әкімдігінің ұйымдасты­руымен Қазығұрт асуында “Наурыз Қазығұрттан басталған...” атты наурыз-думан театрландырылған көрінісі қойылды.Сол күні табиғат пен аңыз үн­десе қалғандай әсер қалдырған. Таң азан­нан қабағын қарс жауып “жау­сам ба екен, жаумасам ба екен” деп ойланып тұрғандай кейіп та­нытқан аспаннан театрланды­рыл­ған көрініс басталғанда ақ жауын атының басын қоя берді. Аңыз бойынша “Алланың кәріне ұшыра­дық, дүниені топан су басып келе­ді” деп адамдар шырыл­даса, таби­ғат бұл жолы да “ниеттерің ха­рам бол­са, көретіндерің осы” де­ген­дей, көз жасын төгіп-төгіп алды.  “Нұх пайғамбар” кемесі қайыр­лаған беткей сілелеген су болып, нөпір толқынды көзге елестеткен, әйтеуір  балалар тайып құлап жат­ты. Мұны ешқандай ырым-сы­рым­ға жатқызбасақ та әлемді өзі жаратқандай күпсініп, “таби­ғаттың бермесін тартып аламыз” дейтін кеудемсоқ адамдарға ой салатын­дай оқиға екен деп іштей тіледік.Жердегі өмірді сақтап қалған Нұх пайғамбар жөнінде аңыз көп. Иудей дініндегілер Синай тауын­да, хрис­тиан дініндегілер Арарат тауы­на тоқтаған десіп, әлденеше ғасыр­дан бері осыған дәлел іздеп келеді.Қазығұрттың басында  кеме қалғанБолмаса ол әулие неге қалған...– деп басталатын, дінді ауызға алмайтын өлеңнің анау дейтіндей авторы жоқ, қазақпен бірге жасасып келе жатқан жырды екінің бірі біледі. Ал Синай мен Арарат тауына қатысты осындай жыр болса, ендігі жария болар еді.Сондықтан ба, халық ұғы­мын­да Нұх пайғамбар кемесі нақ осы Қазығұрт тауында қайыр­лаған деген сенім үлкен.Біз ұлыстың ұлы күніне ар­нал­ған мерекенің сый қонақ­тарының ішінен этнограф ға­лым, Қытайдағы қазаққа қа­тысты жазба әдебиетінің денін білетін Жағда Бабалықұлын жаға­ладық.– Қазығұрт туралы айтылып жүр­гендердің ғылымға жақын­ды­ғы да, ғылымнан алшақтығы да бар, – дейді Жағда Бабалықұлы. – 1973 жылы Мәскеудегі Ленин кітапхана­сында отырып, ерте кезде араб қарпімен жазылған жыр­ға ұшырас­тым. Аңыз негі­зін­де жазылған жырда Нұх пайғам­бардың кемесі Қазығұрт­қа қайырла­ғанда күн мен түн теңелген уақыт екен. Сонда Нұх пайғамбар ме­рей­леніп: “Бұл табиғат мерекесі”, деп өзінің қолындағы бар асын кемедегі адам, жан-жануарларға үлестіріп беріпті. Табиғат мерекесі “Наурыз” атын алған екен. Алай­да, көп ғасырлардан кейін мереке ұмытылады. Араға үш жүз мың жыл түскеннен кейін Наурыз ат­ты адам: “Күн мен түн теңелген ға­жайып мерекені ұмытқанымыз қа­лай?” деп бастамашы болған деседі.Мұны аңыз десек те ғалымдар Орта Азияда топан су болғанын айғақтайтындай деректі растайды. Орыс ғалымдары Тәжікстанның теңіз деңгейінен 300 метр биігінен акуланың сүйегін тапты. Яғни, 12 мың 680 жыл бұрын Орта Азия топан су тұтқынында болған делі­нетін ғылыми дерек Нұх пайғам­бардың кемесі Қазығұртқа тоқтаған деген аңызды тірілте түседі.Бұдан әрі Жағда ағамыз қытай жазбаларындағы ғұндардың Тә­ңір­­құтылары Наурыз тойын қалай қарсы алғандығы, 365 жігіттің 365 күй тартатындығы жазылған тарихи деректерді айтып берді.Біз әдетте Наурыз мерекесін пар­сылардан келді деп жатамыз, ғы­лымдағы жаңа болжамдар оның та­рихы әріде болған қисынын таратуда.Қазығұртта өткен мерекеде арнайы шақырылған ғалымдар мен жазушылар бұл жайында да сүбелі ойларын бөлісті.Облыс әкімінің орынбасары Ғалым Жұмжаев пен аудан әкімі Нұржан Әжі­метов құттықтау сөз сөйлеп, театрлан­дырылған көрініс көр­сетілгеннен кейін осы мере­кенің аясында “Біз балабақ­шалар саламыз” акциясы өтті.Заман түзеліп келеді. Кезінде ұста­ған­ның қолында, тістегеннің аузына кет­кен дүниелер түгенделіп жатыр. Бал тілді балдырғандарға балабақша керек. Қазығұрт түлектері мен арнайы шақы­рылған қонақтар акцияға үлестерін қо­сып жатты. Мәселен, “Тұран-Мүсілім” ЖШС-нің директоры Жидебай Тұра­нов балабақша салуға 40 мың күйді­ріл­ген кірпіш беретінін айтса, қияға шық­са да туған ауылы бір бүйірінде жүретін белгілі кәсіпкер, “Амангелді” корпора­ция­сының президенті Нұрлан Құралов өзі түлеп ұшқан Көкібел ауылына бір балабақша салып беретінін жеткізді.Айтқандай, Көкібел – қазақ гене­ралы, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымовтың кіндік қаны тамған ауыл.Наурыз мерекесі күндері осындай сауапты істер де жалғасын тауып жатты.Қазығұрт туралы қазақ әпсана­сын тірілту шаралары мұнда жүр­гізіліп келеді. Қазығұрт асуындағы биікке Нұх пайғамбардың кемесін орнату, төменгі етегін кемпингке айналдыру идеясын осы ауданды басқарып тұрған жылдары Әли Бектаев қозғаған болатын. Оны іске асыру Әбдімүтәліп Көбеевтің үле­сі­не тиді. Бүгінде асу биігіндегі “Нұх пайғам­бар кемесі” монументі туристер аялдай­тын үлкен орта­лық­қа айналып келеді. Қазақ өз тари­х­ын өзі түгенде­месе, қаді­ріне жет­песе, өзгенің жаны қай­тып аши қой­сын. Осыдан үш жыл бұрын “Ком­сомольская правданың” тіл­ші­сі арнайы тапсырмамен келіп, қа­зақ­тар өздері тұрған жерді жер кіндігі са­найды деп мыс­қылдап, Нұх пай­ғам­бардың Қазы­ғұртқа қатысы жоғын айғақтағансып, екі нөмірге айқарма беттен екі мақала жазғанда ұлт мұрасын бөтеннің көз сұғынан қорғап араша түсіп, арнайы мақала жазған “Егемен Қазақстан” еді.Сол кездері ел басқарып отырған өз жігіттеріміздің әлгін­дей арандатушыл­ар­дың құрған жымына түсіп қап, “мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашуға болмайды” дегені ұяттау бол­ды. Өзге жұрт сырамыз мықты деп сап­тыаяққа ескерткіш орнатып жат­қан­да ұлтты ұйыстыратын Кеме қал­ған секілді әдемі аңызы бар қазақтың анау айтты екен деп бөденедей бұқпантайлайтындай айыбы жоқ еді.Қуансақ, адамзаттың алтын бесігі атанып отырған Қазығұрт­тай киелі таудың өзге мемле­кет­терде емес, өркендеп келе жатқан Қазақстандай Отанымызда бар екеніне қуанайық.Бағалай білсек, Қазығұрттың та­ғы­лымы үлкен. Осының біразы мере­ке күндері айтылды. Ғалым­дар мен қаламгерлердің тарихты түгендеуде ағат кетіп жататын кездері болады. Оған күлудің де қажеті жоқ болар. Пі­кірталас түбі шындыққа жақын­да­тады. Сол шындыққа тезірек жетейік....Сол күні Қазығұрт асуының етегіндегі сайда Наурыз мере­ке­сіне арналған той өтті. Ән ай­тыл­ды, күй тартылды. Ит жүгіртіп, құс салынды. Көкпар тартылды. Қазығұрттың құдіретін жақыннан тағы тани түсу тойы болды бұл... Оңтүстік Қазақстан облысы.

Авторы: Бақтияр Тайжан.