2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсіреповтің бұл классикалық туындысы 1934 жылы сахна төріне шығып, 1936 жылы Мәскеудің атақты Үлкен театрында айтарлықтай табыспен орындалса, сол уақыттан бері 1500 рет көрсетілген қойылым халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. “Қыз Жібектің” құдіреттік құпиясы неде жатыр десек, ол бірнеше топтама себептерден тұрады. Оның ішінде ең біріншісі – операның негізіне эпостың мазмұнының алынуы дер едік. “Қыз Жібек” эпосы халық шығармашылығының асқан үлгісі. Біз бүгін осы музыкалық туындының кейбір көркемдік сипаттарына тоқталуды мақсат еттік. Тұңғыш ұлттық операның либреттосын жазған Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда “тілді дәл және нағыз шешендікпен игерген, сөздің нәрі мен күшін көркемділігінен іздеген” Ғабит Мүсірепов екені жұртшылыққа белгілі десек, көрнекті суреткер өзінің қайталанбас дарынын “Қыз Жібек” операсын жазу барысында да айқын көрсете алды. Мұнда Ғабеңнің туған халқының фольклорын, дәстүрлі мәдениетін, оның әртүрлі формалары мен жанрларын, өте бай эпикалық, шешендік өнерін жан-жақты білетіндігі айқын байқалады.Кезінде опера клавирінің баспадан шығуына байланысты Ғабит Мүсірепов оған кіріспе сөз жазған еді. Бұл кіріспеде кемеңгер жазушы шығарманың көптеген құндылықтарын үлкен білгірлікпен көрсеткен. Ол “Қыз Жібек” эпосын дүниежүзілік мәні бар рухани қазынаға жатқызып, оны қазақ халқының көркемдік даналығының ескерткіші деп ерекше бағалаған болатын.Өзінің алғашқы опералық туындысы – “Қыз Жібекті” Ғ.Мүсірепов өте жақсы көрді, либреттоны бірнеше рет қайта редакциялап, шеберлікпен өңдеп, мінсіз мәтін жасады, жаңа музыкалық-сахналық және орындаушылық интерпретацияларды жібермей, театрға ұдайы барып тұрды. Ғабең өз күнделігінде былай деп жазыпты: “Қыз Жібектің” жаңа қойылымын екі рет көрдім, жаман емес. Әсіресе Күләштің орынбасар сіңлісінің шыққанына қуандым (бұл Б.Төлегенова – авт.). Әлібек (Дінішев) – бұл күнге дейін табылмай жүрген Төлеген. Талант!”. Ал біз өз тарапымыздан қазіргі кезеңдегі Жібегіміз ол Нұржамал Үсенбаева деп қосар едік.“Қыз Жібек” операсының көркемдік құндылығы – оның музыкалық тілінде жатыр десек, тап осы кезде жас композитор Евгений Брусиловский Ленинград консерваториясын бітірісімен, жолдама алып, Алматыға келген еді. Бұған дейін ол қазақ музыкасымен А.Затаевичтің ән-күй жинақтары арқылы танысып, үлгерген болатын.Болашақ композитор бұл жинақтардағы халықтың бай мұрасын сүйсіне қабылдап, оны шексіз құштарлықпен маман ретінде жоғары бағалаған. Е.Брусиловский қазақ жерінде алғашқы шығармашылық қадамын қазақ әндерін нотаға түсіріп, оларды жүйелеп, көркемдік сипаттарын жіктеп, фольклорлық лабораторияда белсенді жұмыстар жүргізді. Жас музыкант ұшан-теңіз қазақ музыкасын бойына сіңіріп, байтақ қазақ жерінің музыкасындағы аймақтық ерекшеліктерді ажыратып, дарынды ұлт өкілдерімен тығыз байланыста болды. Евгений Григорьевич өзі тірі кезінде әрдайым “Қыз Жібек” операсының сәтті шығуына халықтың талантты әншілері мен күйшілерінің зор көмегі тиді, дейтін.Ол әрдайым Исаның, Манарбектің, Қанабектің, Құрманбектің, Күләштің, Әміренің және тағы да басқа біртуар өнер тұлғаларының есімдерін сүйіспеншілікпен айтатын. Олардың орындау мәнері, сирек кездесетін табиғи қабілеті, әртістік шеберліктері жөнінде композитор өз күнделіктерінде шынайы ризашылықпен еске алады. Көркемдік-эстетикалық танымының, ұлттық ерекшеліктерді қабылдау критерийлерінің қалыптасуына, халық шығармашылығының аймақтық-стильдік негіздерін білуіне композиторға қазақ әдебиеті мен өнерінің негізін салушылармен көп жылдық достығы да әсер етті. Ол өмір бойы М.Әуезовті пір тұтып өтті, Мұқан Төлебаевты туған баласындай жақсы көрді. Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің либреттоларына опералық шығармалар жазды. Әбділда Тәжібаевтың өлеңіне әйгілі “Қос қарлығаш” әнін шығарды.“Қыз Жібек” операсының кереметтілігі, оның музыкасының түгелімен фольклорлық бастауларға негізделгені. Композитор тақырыбы, жанры, өзіндік ерекшеліктері әртүрлі фольклор үлгілерін кейіпкерлермен, сюжет драматургиясымен байланысты пайдаланған. Е.Брусиловский қолданған материалдың ерекшеліктерін, стильдік, өзіндік көркемділігін сақтай отырып, опералық өнер жанры заңдылықтарымен епті түрде келтірген. Ол негізгі образдардың ішкі табиғатын ашу мақсатында түрлі кәсіби әдістерді орынды қолданған, оларды арнайы лейт-тақырыптармен белгілеген. Мысалы, басты кейіпкер Қыз Жібектің әртүрлі психологиялық күйін білдіру үшін композитор бірнеше әндер арқылы қуанышты, көтеріңкі лепті “Гәкку”, нәзік үнді “Толқыма” және трагедиялық көңіл күйді “Дүние-ай”, екпінді ойды “Раушан” орынды пайдалана білген.“Қыз Жібек” операсының өміршеңдігінің өзегін анықтауда ерекше көңіл аударатын мәселе – ол шығармада ұлттың өмірімен тығыз байланысты дәстүрдің кең қамтылғанында. Мұнда эпостың өзегінен сусындан-ды-рылған, халық өмірінен нәрленген фольклор жанрлары кәсіби тәсілдеуге түсіп, әсерлі амалдармен дамытылған. Эпостың түйінін ашуда, аталған ұлт мәдениетінің формалары операның әр бөлімінде орынды қолданылып, өздерінің сюжеттік-драматургиялық функциясын атқарады. Композитордың бұл әдістері лиро-эпостың көркемдік сипатын, оның эстетикалық тартымдылығын, негізгі кейіпкерлердің іс-қимылын, олардың арасындағы қайшылықтарды тереңдете түседі.Музыкалық туындыда эпостағыдай халықтың бай ән-күйлері өздеріне тән кіші формалар арқылы сұрыпталған, яғни мұнда бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. түрлері опера желісінің дамуында ең кульминациялық шиеленіс эпизодтарында шоғырланған. Мысалы, ол – Базарбайдың теріс бата беруі. Мұнда Төлегенге теріс бата берген әкесі прозалық сөзбен: “Айтқаным айтқан, одан, сірә, қайтпан, қалдым қатып сонымда” – дейді. Бұл туралы алдыңғылардың бірі болып эпосты зерттеуде академик М.Әуезов былай деп жазған: “Светлому стремлению Тулегена препятствуют четыре черных силы, четыре темных преграды. Первая из них – пустыня, далекий путь; вторая – протест родителей – немилость судьбы; третье – беспомощность, одиночество; четвертое – вероломство Бекежана”. Операның ең бір кульминациялық көрінісі – ол төртінші перде. Мұнда Төлегенді зұлымдықпен өлтірген, оның ақбоз атына ие болған Бекежанды Жібек былай қарғайды:Елді құртқан қарақшы,Ел болып сені қарғасын.Үрім-бұтақ, зәу-затың,Мендей болып зарласын.“Қыз-Жібек” операсын құлпыртқан халық дәстүрінің қолдану мысалдарын келтіруге болады. Қорыта айтқанда, тағы бір тоқталатын мәселе, ол аталған эпостың мазмұны, оның жанрлық байлығы, көркемдік құндылығы тағы басқа сипаттары музыкалық сахнаға дайын, “сұранып” тұрғандай.Өткен жүзжылдықта сахна төрінен жарқыраған, Е.Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің “Қыз-Жібек” операсы ұлттық мәдениетіміздің тамаша нұсқасы болып, жаңа мыңжылдықтың рухани қазынасына айналды. Эпос сюжеті атақты екі сериялы кинофильмде, Б.Аюхановтың аттас балетінде, Б.Атабаевтың қойған жаңа мюзиклінде әртүрлі көркемдік жолдармен шешімін тапты. ЮНЕСКО шеңберінде аталып отырған “Қыз-Жібек” эпосының музыкасы мемлекеттік “Мәдени мұра” жобасы бойынша баспадан шыққан бестомдық “Қазақ музыкасының антологиясында” да өзінің маңызды орнын алды.
Авторы: Сара КҮЗЕМБАЙ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыка өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану докторы, профессор. «ЕгеменҚазақстан»