2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Көз алдыма ақ самал жетелеп, көкжиекке қарай ұзап бара жатқан айдынды Ақ Жайық келеді. Ақ Жайықтың албырт толқындарына қызыға қарап, қапталымен желген қарағайлар сүйінші сұрап және бір жақсы күнді жақындатып келеді. Ол күн – туған өлкемнің жеті белесті мәртебелі мерекесі. Бұл мерекеге бүкіл Қазақстан халқы еңбек сіңірген, барша жұрт байлығын игеруге үлес қосқан Атырау облысы айтулы жетістіктермен келіп отыр.
Тарихы тым тереңде жатқан өлкенің өткенін ойлағанда, оның мәніне бүгінгі күннің тұрғысынан бойлағанда, өткен жылдардың парағын зер салып аударасың. Күні бүгінде Төлеген батырдың кезінде алалы жылқысы қаптаған жерінде жердің терең қыртысынан мұнай сорған мұнаралар көші қаз-қатар тізіледі, батырдың ұрпақтары енді ақ қанат алып лайнерлерді ерттеп мініп, екі рулы елдің арасында ғана емес, әлемнің шартарабына жол тартып бара жатады.
Иә, менің туған өлкемнің тарихы тым тереңде әрі өте бай. Осыларды ойлағанда кеудеңді бір мақтаныш сезімі билеп, осы топырақта атақты Бейбарыс сұлтанның кіндігі кесілгенін, кейін оның араб жұртын ұзақ жыл билеген сұлтан болғанын еске аласың. Ол ұмытылған жоқ, туған жеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жария етуімен, тікелей өзі тапсырма беріп, Бейбарыс туралы арабтың халық романын аудартуымен, шығартуымен, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайдың ой тастауымен, Иманғали Тасмағамбетовтің оны ойдағыдай жүзеге асыруымен қайта оралды.
Туған елдің тарихы тым тереңде ғой, шіркін. Таратып айтсақ, марқайып, бір жасап қаламын. “Әкем бір күйеу болған жер, анамыз келін болған ел” деп қарға бойлы Қазтуған айтқандай, бұл жер аруақ қонған, кие дарыған, бағзы бабаларымыз баян тапқан, кейінгі ұрпағы аян тапқан, байлығы мен берекесі аял тапқан абзал мекен. Исатай мен Махамбет найзасын қадап кеткен жер, күйлері көбік шашқандай Құрманғазы мен Диналар, Дәулеткерей мен Түркештер, Сейтектер мен Оқаптар күйлерден күмбез тудырған жер. Алашқа біткен арыстар Халел мен Жанша Досмұхамбетовтердің күрескерлік күндері өткен жер. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде ерен ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батырлары Боран Нысанбаев мен Қайырғали Смағұловтар ғұмыр сүрген жер. Сол кешегі қанды майданда, жауына қайрат көрсетіп, “қара алтыны” тасқан жер, Тәуелсіздік күні туғанда елінің атын шығарып, еңбекпен аты асқан жер.
Теңіздің қуысында, қоңырлық пен шағырлы шағылдың уысында жатқан бұл құт мекеннің тарихы да, тағдыры да өзгеден өзгешелеу көрінеді де тұрады. Садақтай тартылып, жебедей зырлаған қос өзен – Еділ мен Жайықтың бойында әр дәуірде дүбір қақтырған оқиғалар осы өңірде болды.
Біз бүгінгі күннің бедерін, ертеңгі күннің кемелін осындай ұлы той, ұлық бас қосуда мақтана айтамыз.
Еділ менен Жайықтың,
Бірін жазда жайласаң,
Бірін қыста қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың,
Алтын менен күміске, – деп аманат айтып кеткен абыз бабаларымыздың сөзінде тарихи шындық бар.
Теңіз бетінен төмен жатқан Каспий маңы ойпаты осы жер болса да, оның төсінде туып, кіндігі кесілген әрбір перзенті үшін Атырау әрқашан биік, әрқашан асқар. Сондықтан да оны Атыраудың ақшулан толқынындай, ерке мінез Хамит Ерғалиев, ақ шуақ өлеңдері өзінің мінезіндей әдемі ақша бұлтты Әбу Сәрсенбаев, қазақтың қара сөзінен бал айырған Зейнолла Қабдолов, сөз зергері Ғабдол Сланов, сахнаның сәнін келтірген саңлақ актер Нұрмұхан Жантөрин, күй қағаны атанған Рысбай Ғабдиев, тума талант күйші Тоқсанбай Құлтумиев, отты жырдың иесі Марат Отаралиев, Динаның ізбасары, дарынды домбырашы Бақыт Қарабалина, жұмбақ жырлары Жайықтың терең иіріміндей лайланбай ағатын, Мемлекеттік гимннің сөзін жазған авторлардың бірі Жұмекен Нәжімеденов, көңілі күншуақтай Меңдекеш Сатыбалдиев, көркем қаламгер Мағзом Сүндетов, ибасы иманындай болып тұратын Қабиболла Сыдиықов, зерделі азамат, зейінді сыншы Зейнолла Серікқалиев, ақжарма азамат Сатыбалды Даумов, т.б. ағаларымыз ақеділ жүрекпен ағыл-тегіл жырлап өтті.
Ғылымның сан саласын меңгеріп, академиктердің алтын шоғырын түзген алдыңғы толқын мен кейінгі жас толқын ғалымдарымыздың қазыналы керуені жақсы жалғасын тауып келеді. Сол көрікті көшті бастап келе жатқан ай маңдай ағамыз, алдаспан қазы, арлы би Салық Зимановтан тартып, бүгінге жалғасқан ғалымдар тізімін, кино өнерінде әлемдік ауқымға шыққан Тимур Бекмамбетов бастаған өнер жұлдыздарының аттарын атасам, алысқа ұзап кетермін. Ең бастысы, алдыңғы аға ұрпақ пен кейінгі жас өркеннің арасында орнаған соны соқпақ, қара жол қадірін қашырмай, жеңісі мен жемісін жасырмай жұғысты әрі ырысты болып келе жатқаны көңіл қуантады.
Аттары айрықша аталып өткен аға ұрпақтан кейін туған ілгері-кейінді толқын, ақын-жазушылардың арасында менің қымбатты замандастарым мен құрдастарым, ізетті іні-қарындастарым қаншама?! Солардың көш басында келе жатқан кемел білім, кенен ақыл иесі, заңғар қаламгер Әбіш Кекілбаевты, атақты ақын Фариза Оңғарсынованы, қазақ прозасының көрнекті өкілі Сәтімжан Санбаевты, “Еділ мен Жайықтай” ән тудырған сазгер Ілия Жақановты, көкірегі шежіре күйпаздар мен әншілер Шәміл Әбілтаев пен Қаршыға Ахмедияровты, Айгүл Үлкенбаева мен Ғафиз Есімовті, қаламгерлік қабілетті мемлекеттік қызметпен қатар абыроймен алып келе жатқан ақын-жазушы інілерім Өтеген Оралбаев пен Рахымжан Отарбаевты, олардың ізін басқандарды мерейлі мереке күні қуанышқа ортақ ағалық тілекпен атай кеткім келеді.
Ал бұл толқыннан туысы бөлек болғанмен, тағдыры бір, тамыры ортақ және бір тегеурінді, тұлғалы топ бар. Атырау облысының арғы-бергі тарихында партия, кеңес органдарында кемел қызмет атқарып, елдің еңсе көтеріп, ес жиюына ерекше еңбек сіңірген ардагерлердің, бүгінде арамызда жоқ ардақтыларын осы күні атай кетсек, ол артық болмаса керек. Кезінде облыс басшылығында болған белгілі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Ш.Есенов, Н.Оңдасынов, С.Сағымбаев, М.Тәжин, С.Мұқашев, О.Мирошхин, Ф.Новиков, Ө.Балғымбаев, Ә.Атшыбаев, Н.Марабаев, Ж.Досмұхамбетов және басқа ардақты ағаларымыз қазірде ортамызда жоқ болғанмен, олар әрқашан елінің жүрегінде, халқының көңілінде. Осылардың көзін көріп, тәлімін алған, кезінде тізе қосып, Атыраудың ен байлығын ел ырысына айналдыруда ерекше қолтаңба қалдырған, күні бүгін осы жетпіс жылдық жарқын тойда жұртымен бірге қуанған Жәрдем Кейкин, Сағидолла Құбашев, Бөлекбай Сағынғалиев, Оңайбай Көшеков, Айдын Айбаров, Бисен Саппаев, Есен Тасқынбаев, Закаш Камалиденов, Асқар Құлыбаев, Беркін Ізтелеуов, Равиль Шырдабаев, Сағат Түгелбаев бастаған алқалы топтың аттарын мақтанышпен айтамыз. Атыраудың басты байлығы мұнай мен газ саласын игеріп, молшылық қамбасын толтыруда еселі еңбек еткен мұнайшылар әулетінің қатарында осы саладағы әулеттік стажы бірнеше жүз жылдап саналатын Балғымбаевтар, Шырдабаевтар, Өзбекқалиевтар, Жұмағалиевтар, Құдабаевтар, Балжановтар әулеттері де бар екенін мен осы орайда ерекше бақытты сезіммен айта кеткім келеді.
Атырау облысы өзінің өмірбаяны жөнінен Қазақстандағы қарт облыстардың қатарына кіреді. 1938 жылы жеке облыс болып шаңырақ көтерген Атырау облысы ерен екі өзеннің аңғарында, оларға қуанып келіп құятын Тентек, Ойыл, Жем, Сағыз секілді шағын өзендердің асыққан ағысына куә болып жатқан кең алқапты аймаққа орналасқан. Кеңдік те, кемелдік те бар кенен жер. Қазба байлықтары мен табиғат байлықтарының орасан зор қоры бар өлке. Сарша топырақтың астында жатқан қара алтын мен көгілдір от, Ақ Жайықтың терең иірімінде жүзген қара маржан – уылдырық айдай әлемге танымал. Жазығында ақтылы қой, алалы жылқы аунаған, маң даласында маңып түйелер шұбырған, қырында киік ойнаған, суында балық тулаған, мұнаралар орманы күндіз-түні шулаған аймақ. Сан тарау жолдар шұбаған, сан иір құбыр ұзаған аймақ. Құм мен теңіз астасқан, тау мен дала бастасқан, сан алуан ұлттың өкілі сағынып келіп достасқан аймақ. Бұлар облыстың ғана емес, күллі Қазақ елінің экономикасы мен тұрмыс-тіршілігін түзеуге ерекше үлес қосып жатқан аса бағалы байлықтардың көшбасшылары.
Халық шаруашылығының сан саласында еселі еңбек етіп, Еңбек Ері атанғандардың қатары бір бөлек болса, жастықтың жалынын көрсетіп, алға түскен асыл ұрпақтың шаң баспайтын сүрлеуін тегеурінді жолға айналдырған кейінгі толқынның жалауын көтеріп келе жатқан топтың өкілдері де аз емес. Атыраудың елдің басшы кадрларын шыңдаудағы орнына бір дәлел ретінде қазір Президент Әкімшілігінің Басшысы қызметін атқарып отырған ардақты азаматымыз Аслан Мусиннің кезінде осы облысты басқарғанын айтудың өзі жеткілікті.
“Таудан тірегі бардың, тастан жүрегі бар” дегендей, мен осындай атажұртта өмірге келгеніме ризамын. Қай қиырда, қай қызметте жүрсем де елді ойлап, жерді ойлап, перзенттік махаббатымды жүрегімнің жалауы етіп көтере жүремін. Бала кезімнен таныс, балаң кезімнен ыстық, жігіт шағымнан жаныма жақын жерлерді ойша көз алдыма келтіріп, өткен күндер мен кеткен жылдардың қалдырған өшпес ізін жүрегіме жазамын. Сол кезде туған елдің туы биіктеп, рухы асқақтап, көкірегіме күннің шуағын төккендей болады. Кешегі кезең мен бүгінгі күннің бедерін салыстырып, өткенге қанағат, бүгінге мархабат айтамын.
Бүгін кешеден басталады ғой. Әлі есімде, 1980 жылдары мен “Жайықнефть” басқармасында бас инженер қызметін атқардым. Ол кезде Атырау мұнайының 70 пайызын осы мекеме беретін. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы болатын. Атырауға жұмыс сапарымен келді. Мұнай кәсіпшілігінің қыр-сырымен қапысыз танысты. Бұл кісінің бір ерекше қасиеті өзі аралап көретін нысанның бүге-шігесін жан-жақты көріп, жіті саралайды. Оның басты ерекшелігі мен проблемасын барынша терең зерделейді. Бұл сарабдал саясатшыға тән қасиет. Жолдан адаспайтын жолбасшыға тән қасиет. Нұрсұлтан Әбішұлымен мен алғаш осылай танысқан едім.
Жалпы, Атырау сол кезде, одан кейінгі жылдарда Маңғыстау, Ақтөбе, Орал облыстарына, Қызылорда облысындағы Құмкөл кенішіне енші берген ел. 1973 жылы Атыраудан Маңғыстау облысы енші алып шықты. Атыраудың атақты мұнайшылары мен жастары осы өңірдің мұнай-газ өндірісін өркендетуге айрықша атсалысты. Дәстүрі мен салтын қалыптастырған ел көрші облыстарға ерулік беріп, етене көмек көрсетті. Әлі де солай. Мен бұл облыстардың байлығын да, адамдарын да бір-бірінен бөліп қарамаймын.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азат күндерге де қолымыз жетті. Міне, дәл осы кезеңде, ел егемендігін енді алып, қай тарапқа тартарын білмей, жол айрығында – тарих айрығында тұрғанда, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаңадан жүрер жол картасын жасап, ол жол кейін “Қазақстан жолына” айналды. Айдынды, айбынды, абыройлы даңғылға айналды. Енді ол жол – “Қазақстан жолы” “Еуропаға жол” бағдарламасына айналып, Қазақ елінің жаңа ғасырдағы жаңа мемлекетін жаңа белестерге қарай жетелеп барады. Ол жол енді арайлы Астанадан, оның халықтық нышаны мен ұлттық рухының көрінісі “Бәйтеректен” бастау алып, қанатын жайып, күннен-күнге байып, болашаққа тартып барады.
Мен осы жолға қазақ мұнайының арқасында келдім. 90-жылдардың басында алыс Америкада қызметте жүр едім. 1994 жылы Президент елге қызметке шақырды. Сенім мен жауапкершілік жүктеліп отырғанын түсінген мен дереу елге оралдым. Елбасының ұсынысы бойынша 1994 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі мені Мұнай және газ өнеркәсібі министрі етіп бекітті. Біз мұнай-газ секторының жұмысын қауырт жолға қою арқылы аз жылда мұнай өндіруден Ресейден кейінгі төртінші елге айналдық. Соның арқасында 1999 жылы қазақ мұнайының 100 жылдық мерекесін бүкіл еліміз кең атап өтті. Атырау елінде өткен осынау үлкен тойға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп, арнайы қатысып, торқалы тойдың туын биікке көтерді, мұнайшыларға өз қолымен мемлекеттік наградалар тапсырды.
Ал Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі жағдай қандай еді? Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы экономикалық-өндірістік байланыстар бұзылып, балапан басына, тұрымтай тұсына болып жатқан шақ болатын ол. Нарықтың жаңадан кіруі қай кезде де оңай болмаған, қалыптасқан үлгі жоқ. Дағдарыс дендеп тұрды. Елбасы ең алдымен экономикалық тығырықтан шығудың жоспарын жасады, “әуелі экономика, сосын саясат” деген ұстаным жасалды. Ол үшін мұнай-газ секторын барынша жандандыру, еңбек өнімділігін арттыру, бұрынғы кен орындарының технологиясын қолдан келгенше жаңғырту, жасақтау, жаңа техника мен технологияларды өндіріске батыл енгізуге жағдай жасау, ең бастысы осындай аса күрделі кезеңде бұл салаға келетін шетелдік инвестицияларды мүмкіндігінше көптеп тарту секілді маңызды міндеттер алға қойылды. Міндет ауыр, жауапкершілік зор еді.
Осындай өте күрделі міндеттерді орындауды Елбасы тек жүктеп қана қойған жоқ, өзі бас болып бастап, сара жол көрсетті. Осылайша, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен беделі мен атағының арқасында Атырау мұнайына алғашқы инвестор келді. Ашығын айтқанда, “Шеврон” Нұрекеңнің беделі арқасында Қазақстанның экономикасының түзелуіне ерекше септігін тигізген халықаралық келісім-шартқа қол қойды. Елдің болашағы үшін нартәуекелге барған Нұрсұлтан Әбішұлының осы жанқиярлық жеңісін жұртымыз білсін деген жақсы ниетпен жария етіп отырмын.
Адалын айту керек, азаттықтың алғашқы кезеңінде Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды мәселенің бірі елдің тыныштығы мен ынтымағын, береке-бірлігін сақтау жайы күн тәртібінде тұрды. Осы кездегі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел іргесін, тыныштығы мен бейбіт күндерін сақтаудағы сындарлы саясатын баса айту жөн. Осы сұңғыла саясаттың арқасында Қазақстан бейбіт күндерін бұзбай, арғы-бергі көршілер секілді жанжал-дасуға ұрынбай, қиын күндерді бірлесіп жеңді. Қазір осы бірліктің арқасында еліміз бүкіл әлемге жақсы жағынан танылып, 2010 жылы Еуропадағы беделді ұйым ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құқығына ие болды. Бұл Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатының көшбасшысы Президентіміздің беделі мен абыройын одан әрі көтере түсетін тарихи оқиғалар.
Тәубе, ел экономикасы түзелді, еңсесі көтерілді. Алыс-жақын елдермен қатар түзеп, әлемдік аренадағы орнымыз есіктен төрге озды. Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған 50 мемлекетінің сапына кіру үшін өршіл мақсат қойып, осы жолда еңбек етіп жатқан күллі қазақстандықтардың алдыңғы қатарында қазыналы өлке – мұнай астанасы атанған Атырау облысының да тарихи үлкен үлесі бар. Өз байлығымызға өзіміз толық иелік етіп, қазанның қақпағын ұстадық. Экономикамыз тұрақты даму қарқынына түсіп, елдің әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі түзелді. Атырау осынау үлкен жетістіктер мен толағай табыстардың ардақты авторларының біріне айналды. Мәртебесі биіктеп, мерейі өсті, аты асқақтап, абыройы жанды.
Атырау облысының тойы – бұл Қазақстанның ортақ мерекесі. Ел тойы. Елбасымыздың тойы. Барша қазақстандықтардың тойы. Ата жұртқа деген құрметі мен пейілі адал атыраулық перзенттердің тойы. Сол перзенттердің бірі ретінде мен бұл тойға жүрегімнің жылуын, сөзімнің сұлуын арнап алып келемін.
Авторы: Нұрлан БАЛҒЫМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.