Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Мұрағат - ел тарихы

Сәрсенбі, 19 қазан 2005Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты алғаш рет 1995 жылы құрылған болатын.

Міне, содан бері 10 жыл өте шығыпты. Осы уақыт аралығында мұрағат қоры мейлінше толыға түсуімен қатар, тарихи және мәдени мәні зор жәдігерлерді жинау, іздестіру ісі үздіксіз жүруде. Соның бір нақты айғағы ретінде Астана қаласы Мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы мен Новосібір облысы мемлекеттік мұрағаттар қызметі басқармасының өзара ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылғанын айтуға болады. Келісімнің басты мақсаты – Ресейдің Новосібір облысы мен Қазақстанның елордасы Астана қаласының мұрағат мекемелері арасындағы байланысты нығайту десек, бұл құжатты қабылдауға Ке­ңес одағы мемлекеттік мұрағатта­ры­ның құқықтық мұрагерлігі тура­лы келісімі (Мәскеу. 6 шілде, 1992 жыл) және мұрағаттық ақпарат­тар­ды пайдалану саласындағы ТМД елдерінің өзара іс-қимыл жасау жөніндегі нысандар мен қағидалар туралы келісімі (Минск. 4 маусым, 1999 жыл) негіз болып отыр. Осы келісімге орай ендігі жерде екі тараптың зерттеушілеріне де Аста­на қаласы мен Новосібір облысы­ның мұрағаттарында белсенді түр­де жұмыс жүргізуіне көмек көрсе­тіліп, жағдай туғызылатын болады. Яки, зерттеушілер мұрағаттық қор­дағы өздерін қызықтырған тақы­рыптарға қатысты ашық құжат­тар­ға және олардың анықтамаларын (жарық көргенін де, жарық көрме­генін де) алуға қол жеткізе алады. Бір сөзбен айтқанда, түрлі тарихи құжаттар мен ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді алмасуға, бірлесіп әрекет жасауға жол ашылады. Мұ­ның өзі елорда тарихы жөніндегі қорды толықтыру және зерделеу аясын кеңейте түсетіні анық. Сонымен қатар, өзара мүдделес ғылыми конференциялар мен се­ми­­нарлар және мұрағат мекемеле­рінің ғылыми-әдістемелік мәжі­лістеріне қатысты құжаттардың жинақтарын, жарияланымдарын бірлесіп дайындауға, түрлі көрме­лер ұйымдастыруға жағдай туғы­зылмақ. Мұндай өзара байланыс қазірдің өзінде де басталып кеткен сияқты. Олай дейтініміз, өзара келісімге қол қою рәсімінен кейін Сібір федералдық округі мұрағат мекемелері ғылыми-әдістемелік кеңесінің төрағасы, Новосібір облысы мемлекеттік мұрағаттар қызметі басқармасының бастығы В.Моисеев өз мекемесінде сақ­таулы жатқан Ақмола губерния­сының тарихына қатысты бірнеше құжаттарды Астана қалалық мұрағатына тапсырды. Астана қаласы мемлекеттік мұрағатының құрылғанына 10 жыл толуына байланысты Астана қала­сы Мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы мен С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ мемлекеттік агро­техникалық университетінің ұйымдастыруымен өткен “Елорда тарихы – мұрағат көзі” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы да осы саланың алдағы ізденісін айқын­дауға көп септігін тигізді. Онда мұрағат ісінің бүгінгі проблемасы және алдағы даму барысы, ғылыми зерделеуге мұрағат мате­риал­дарын пайдалану мәселесі кеңінен сөз болды. Конферен­цияға мұрағат қызметкерлері, та­рих­шылар, ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студенттер, сондай-ақ Новосібір об­лысы мемлекеттік мұрағаттар қыз­ме­ті басқармасының бастығы В.Мои­сеев пен Омбы облыстық мемле­кеттік мұрағатының дирек­торы О.Пугачева қатысты. Жиын бары­сында олар осы саланың өркен­деуіне қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, Астана қаласы мемлекеттік мұрағатының директоры Серік Кәтенов пен жоғарғы санаттағы мұрағатшы Нина Гельгенберг айтқан ой-пікірлер жұртшылық көкейіне қонды. 

Авторы: “Егемен-ақпарат”.