2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев бұл тұрғыда: “Қай халықтың болсын өзге ұлтқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлт ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана танылады... Адамзат тарихының күре тамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күре тамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады” деп атап көрсеткен-ді.
Расында да, Қазақстан – өткеннің аса бай мәдени-тарихи мұраларын еншілеген ел. Бұл жағдай мәдени-тарихи құндылықтарды зерттеу, сақтау, рухани игеру бағытындағы іс-шараларға жіті назар аударуды міндеттейді. Міне, сондықтан да тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен пайдалану саласында мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы айрықша мәнге ие болып отыр. Бағдарламаның 2004-2006 жылдарға арналған кезеңінде қамтылмай қалған мәселелер оның 2007-2009 жылдарға арналған екінші кезеңінің іс-жоспарын әзірлегенде есепке алынып, бекітілді. Ұлттық мәдени мұраларымызды, оның ішінде тарихи-мәдени, сәулеттік және археологиялық ескерткіштерді зерделеуге байланысты кең көлемде ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді. Бағдарламада тарих және мәдениет ескерткіштерін қайта жаңғырту жұмыстарына да көп көңіл бөлінген.
Қазақ даласындағы аса құнды тарихи мұралар ата-бабаларымыздың ұрпақтарына аманаты, өнегелі өмірлерінің өшпес іздеріндей болып бүгінге жетті. Солардың бірі әрі бірегейі қасиетті Әулие-Ата өңіріндегі, Тараз топырағындағы жәдігерліктер. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында аймақтағы, міне, осындай тарихи-мәдени мұраларды зерттеу мен насихаттау ісіне облыстық археологиялық-өлкетану мұражайы өзінің қомақты үлесін қосуда. Қазіргі таңда облыстық мұражай тараздықтардың мәдени демалыс орындарының біріне, яғни өлкеміздің көп ғасырлық тарихи өткенінен қалған рухани-материалдық мұралары арқылы өскелең ұрпаққа тарих қойнауынан шежіре-сыр шертетін ұлағатты орынға айналып отыр.
Мұрағаттық құжаттарға сүйенсек, облыстық мұражайдың іргесі 1931 жылдың 25 тамызында қаланған. Алғашқы кезде оның қорында бары-жоғы 1153 қана экспонат болды. Ал одан бергі 80 жылға жуық уақыт ішінде мұнда 40 мыңнан астам экспонат жинақталып үлгерді. Археологиялық, ғылыми-зертеу, жинақтау экспедицияларын көптеп ұйымдастырудың нәтижесінде мұражай қоры мейлінше толықтырыла түсті.
Тараз қаласының әлемдік деңгейде аталып өткен 2000 жылдық мерейтойына орай мұнда қосымша тас мүсіндер мен көне түркі жазуларына, Тараздың 2000 жылдығына, суретші Л.В.Брюммердің шығармаларына арналған үш бірдей павильон ашылды. Қазіргі мұражай кешенінің жалпы экспозициялық көлемі 2010 шаршы метр аумақты алып жатыр. Әсіресе, мұндағы “Тас мүсіндер мен көне түркі жазулары” павильоны экспонаттарының сирек те бірегейлігімен ерекше көз тартады. Пішіні ертедегі қорған – обалар секілді жартылай шеңберге және көшпелілердің киіз үйіне ұқсас, яғни уақыт пен ұрпақтың мәңгілік сабақтастығы мен тарихи үйлесімділігін көрсетіп тұрғандай. Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған бай мәдени-тарихи мұраларымыздың бірегей саласы түркі дәуірінің тас мүсіндері екені даусыз. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл мұралар кімнің де болсын көңілінде шын мәнінде де ғажайып әсерлер қалдырады. Көне заман бәдізшілерінің шебер қолынан шыққан мүсіндер (балбал тастар) түрінде сомдалған кескіндемелер сан қилы. Олар – батырлар мен абыздар, билер мен жыршылар, бақташылар. Соңғы жылдары ғылыми экспедициялар жұмысын үйлестіру барысында облыс аумағынан жүзге жуық тас мүсіндер табылып, жинастырылып, келешекте бүлініп немесе із-түзсіз жоғалып кетпес үшін мұражай қорына алынды. Оларды бір орынға жинақтап, зерделеп зерттеуде өлкетанушы ғалым К.Байбосыновтың (ол осы павильонның ашылуына да ұйытқы болды) көп еңбек сіңіргенін атап өту ләзім. Тас мүсіндер Шу, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Қордай, Сарысу аудандары аумағынан жеткізілді. Олардың ішінен, алыс Жайсаннан әкелінген бұдырлы сұр тастан ойылған, ұзындығы 93 см-ге, ені 28 см-ге, қалыңдығы 23 см болатын мүсінді ерекше бөліп айтуға болады. Мүсінде кескінделген адам екі қолымен бір затты ұстап тұр, задында таста қобыз бейнеленген болуы керек. Қазіргі таңда бұл ескерткіш Алматы қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы ұлттық аспаптар мұражайына қойылған. Иә, тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған бұл мұралар ата-бабалар өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала бермек.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Тараздың 2000 жылдығы мерекеленуі кезінде осы мұражайда да болып, қасиетті, баға жетпес тарихи-мәдени мұраларды көзінің қарашығындай сақтаушы қызметкерлер еңбегіне жоғары баға берді. Мұндағы қызметкерлердің еңбегі мұндай құрметке әбден лайық. Айта кетер болсақ, олардың күшімен Италияда қола бұйымдар көрмесі, Тараз қаласының 2000 жылдығы қарсаңында Францияда, Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде дөңгелек үстел және көрме ұйымдастырылды. Көрмеге 50 экспонат (олардың қатарында “Тараз бишісі”, “Будда монахы”, “Қасқыр басты қола күпшек”, “Құс тұмсықты құмыра” және басқа да көптеген ортағасырлық керамикалық ыдыстар, қола шырағдандар бар) қойылып, бұл француздар көңілінде керемет әсерлер қалдырды.
Сонымен қатар, мұражай қызметкерлері 2005 жылы Астана қаласында өткен “Ұлы Жібек жолы: Шығыс пен Батыстың үндесуі” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға да қатысып, “Ұлы Жібек жолы бойындағы Тараз қаласының рөлі”, “Жамбыл облысындағы архитектуралық ескерткіштер” тақырыбындағы баяндамаларын көп талқысына ұсынды. Ал, 2006 жылы Түркістан қаласында өткен “VІ-ХІІІ ғасырлардағы ақша айналымы” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, ой-пікір алмасты.
Астана қаласында өткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы мұражайда “Алға ұмтылған Қазақстан” аймақаралық музейлер көрмесі аясында жамбылдықтар ұйымдастырған “Тарихтың торабында таңба қалған” атты көрме Астана қаласы жұртшылығы өкілдері мен қонақтарын қайран қалдырды. Астаналықтар Әулиеата өңірінің көне жәдігерліктерін бір ай бойына зор ықыласпен тамашалады. Сөйтіп, бұл іс мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарымызды, қол жеткізген жетістіктерімізді кең көлемде насихаттай алуымызға да мүмкіндік берді.
“Біз келер ұрпақтарымыз ұдайы жалғастыруға тиісті ұлы істі бастап бердік. Алыс жол – алғашқы адымнан. Ол тоқтамайды да”, – деп Елбасымыз атап көрсеткендей, алдымызда елеулі міндеттер, асқаралы асулар тұр. Өткеннен жеткен көненің көзін болашаққа аманаттау – әрі адамдық, әрі азаматтық парызымыз.
Қорыта келе айтарымыз, сан ғасырлық тарихы, әлем мәдениетінің дамуында айтарлықтай үлесі бар Тараз тарихы, киелі Жамбыл жеріндегі бірнеше мың жылдар бойы адам баласының қолымен жасалып, жинақталған тарихи-мәдени мұралар қазіргі мәдениетіміздің асыл бастауы, тұғыры ретінде келешек ұрпаққа бір жетсе, осы мұражайлар арқылы жетеді деген сенімдеміз.
Авторы: Құмар АҚСАҚАЛОВ, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.