2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Ежелгі түркілер туралы аңыз-ертегілер – бізге тарих қойнауының жекелеген үзінділері, ауызекі әңгімелер арқылы жеткені белгілі. Тарих ғылымдарының кандидаты А.Бисенбаевтың оқырман қауымға ұсынып отырған бұл кітабы сол жоғалған құндылықтар жайында сыр шертеді. Ежелгі тарихты жеткізушілердің үрдісін сақтаған, жеңіл де түсінікті тілмен жазылған туынды бұрынғы замандағы түрік қолбасшыларының бейнесін көз алдыңызға елестетіп қоймай, сонымен бірге түркілердің әрбір ерлігі мен дәстүрінен де мол мағлұмат береді.Кітапты оқып шыққанда, ойыма ата-анамның, үлкендердің “табалдырықтың үстінде тұрма”, “үйге жүгіріп кірме”, “жерді шұқуға болмайды” деген сөздері есіме түсті, – деді кездесуді жүргізген белгілі саясаткер Нұрлан Ерімбетов. – Олардың астарында соншама философиялық ойлар, халықтың данагөйлік ақылы жатқанын осы кітапты оқығанда жақсы түсіндім. Сөйтсем, бұл керемет мәдениет, керемет дәстүр, біздің ата-бабамыздың өткен үлкен өмірі екен.Аталмыш кітаптың бірінші басылымы 2007 жылы Мәскеуде орыс тілінде шыққан. Тираж санының аздығынан, тіпті Қазақстан оқырмандарына жетпей қалды десек те болғандай. Енді міне, ұлттық мәдени құндылықтардың сақталуы мен халыққа кеңінен жол ашуына ерекше ынтамен атсалысып жүрген “Қазақмыс” корпорациясының қолдауымен қазақ, орыс, ағылшын тілінде 1 мың данамен иллюстрациялық басылым жарық көрді. “Қазақмыс” корпорациясының жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Нұрлан Махмұдовтың айтуынша, ағылшын тіліндегі аударманың жоғары деңгейде болуы үшін Лондонның ең мықты әдеби редакторлары тартылған.Ресми өкілі ретінде маған көптеген шетелдіктермен жұмыс жасауға тура келеді, – деді өз сөзінде Нұрлан Махмұдов. – Олар елімізге келген соң қазақтар туралы мағлұматтар іздегенде, оны толық ала алмайтын секілді. Ал Асылбек Кнарұлының кітабын оқығаннан кейін мен солардың іздегенін тапқан сияқтымын.Әрине, кітапты қолға алған адам, оның безендірілуіне көңіл бөлмей қоймайды. Кітаптың дизайнері мен безендірушісі Алтынай Қуандықова өзінің жұмысына көшпелі түркі халықтарының элементтері бой көрсеткен ойлы, астарлы суреттер бере білген.Кітап негізінен бірнеше құнарлы көздердің жиынтығынан тұрады, – деді Асылбек Кнарұлы. - Бағымызға қарай біздің кезімізде немерелерін ата-әжелер тәрбиелеп, олар әртүрлі тарихты, аңыз-әңгіме, салт-дәстүрлерді айтып, құлағымызға сіңіріп өсірді. Екіншіден, кәсіби тарихшы ретінде осы пәннен сабақ беріп, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, одан кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің талдау орталығында қызмет атқардым. Үшіншіден, біздерге басқа да елдердің тарих қойнауына кіріп, түрлі мұрағаттарды ақтаруға жағдай туды. Төртіншіден, осы тақырыптағы шыққан жарияланымдар, түрлі кітаптар, эпостар, т.б. Егер көңіл аударсаңыздар, бүгінгі күнге дейін “Көне қазақ аңыздары”, “Көне татар аңыздары”, тағы басқа Шығыс халықтарының аңыздары деген еңбектер болғанмен, “Көне түркілердің аңыздары” кездеспейді.Автор өзінің кітабын ата-аналарына – Кнар Мырзалыұлы мен Балқия Байгенқызы Бисенбаевтарға арнаған.Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. АСТАНАДА ТУҒАН ФИЛЬМ Жақында Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында “Қалжа” лирикалық комедиясының тұсаукесер көрсетілімі өтті.“Қалжаны” жұртқа сүйіншілеп таныстыруымыздың үш түрлі себебі бар. Біріншіден, елорда туралы фильмді күнде көріп жатқан жоқпыз. Сондықтан да Астана туралы түсірілген мынадай көркем дүниенің жақын арада экран арқылы жалпы көрерменге жол тартатынын алдын-ала құлаққағыс жасауымыз сөкеттік болмас. Екіншіден, Жаңа жылда мұндағы әр отбасы ресейлік әйгілі “Тағдыр тәлкегі…” фильмін теледидардан тамашаламаса көңілдері көншімейтін, тіпті ол мерекелік дастарқанның бөлінбес бөлшегіне айналып кеткендей еді десек, артық айтпаған болармыз. Солайы солай-ау, бірақ та бұл кей-кейде рухымызды күйзелтіп: “Неге біз былай жыл сайын осы фильмге тәуелді болып отыра беруіміз керек? Оның орнын басатын төл фильміміз қашан дүниеге келер екен? ” деген сұрақты еріксіз алға тартатын. Былтыр олар – “Жаныңыз жадырасын…” фильмінің жалғасын шығарып тастағанда әлгі намыс жанымызды одан сайын қамшылағаны тағы рас. Ішті қыз-қыз қайнатумен келген өкініштің жалынын мына фильм сәл де болса саябырсытқан сияқты. Қазақ режиссерлері қарап жатқан жоқ екен. Дәлірек айтқанда, өнер адамдарының да қабырғасын қайыстыратын осы мәселе екеніне көзіміз жетті. Қызық болғанда оны қоюшы режиссер, сценарийдің авторы, продюсері Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың режиссері һәм осыған дейін әзіл-қалжың театрының өнерпазы ретінде көрерменге таныс болып келген әртіс – Сұлтан Срайыл. Фильмдегі актерлердің дені – астаналық қазақ драма театрының әртістері.Мінеки, “Қалжа” фильмін түсірудегі мақсат туралы түйіп айтқандағы ой осы–ол өзге жұрттың киносына қашанғы көзімізді сата береміз деген жанайқайдан туған. Сол мақсат ойдағыдай орындалған деуге толық негіз бар. Экраннан “Тағдыр тәлкегін…” біржола ысырып тастай алмағанмен, орыс фильмімен бәсекелесе алатын қазақы қалжыңмен мынадай тың туындының дүниеге келуі қалай дегенімізбен елорданың мәдени өміріндегі айтулы оқиға саналады. Желісі қазіргі қала тіршілігінің бір сәтіне, 31 желтоқсан күнгі адамдардың көңіл-күйіне құрылған фильм қазақтың әр шаңырағына рухани сәуле құярына еш күмәніміз жоқ. Үшіншіден, “махаббатсыз – дүние бос” демекші, екі жастың арасындағы ғашықтық отының маздауына түрткі болған қызықты оқиғалар кісіні жалықтырмайды, фильм көзді ашып жұмғанша бір деммен сырғып өте шығады. Рухани жансарайы жаңадан құлпырып келе жатқан шаһардағы жастардың өмірі туралы мұндай лирикалық комедияның өмірге келуінің өзі көрерменді бей-жай қалдырмас деп ойлаймыз.Бір сағат жиырма минөттік фильмнің езу жиғызбайтын тұстары жеткілікті. Оқиға фильмнің басты кейіпкері – Дастанның (Әділ Ахметов) іс-әрекеті негізінде өрбиді. Рөлдерді сомдайтын актерлер реті талғаммен таңдалған. Ол соншалық шым-шытырық оқиғаны бастан кешіп жатқан жоқ, сабылып, сапырылысқан көп актер де көрінбейді. Негізгілері – Ақшақар (Әсел Қаппасова), Асылбек (Асылбек Қапаев), Күншуақ (Азамат Эсқұлов), Жезде (Қалыбек Жұмаш), тіс дәрігері (Мейрам Қайсанов), Жетекші (Ақан Жанпейісов), Бизнесші (Ғани Құлжанов), медбике (Индира Сейітжанарова) рөлдеріне режиссер өмірлік көп түйінді, арман-мұратты сыйғызуға тырысып баққан. Күнделікті қала тіршілігінің қайталанып жататын арнасынан жұртты селт еткізерлік ерекше жәйтті таба білу суреткерлік шешім мен режиссерлік шеберлікті талап етсе, “Қалжа” фильмі сол биіктен мінсіз табылады. Алайда ол түсірілу техникасы мен кинематографияның заманауи талабы жағынан келсек, көркемдік деңгейі соншалық асып кетіп бара жатқан дүние болмауы мүмкін, бірақ та әлденеге әрекет ете білудің өзі жетістік екенін ескерсек, комедия жанрындағы көркем фильмдер қатарын тағы бір фильмнің толықтырғанына куәміз.Қазақстанның халық жазушысы Әкім Тарази мұндай ірілі-ұсақты фильмдерге мейлінше қолдау көрсетіп отыру керек дейді. Мәселен, Голливудта сандаған жекеменшік киностудиялар жұмыс істейді. Оған Қазақстан киносының бүгін не ертең жете қоюы неғайбыл, дегенмен мемлекеттен бір тиын алмай, өз қаражаттарына, Оралбек Ботбай сияқты өнер қолдаушысының меценаттық көмегімен фильм түсірген жандар жайында біз де сын айтудан гөрі көбірек сыр ағытуға бейілдіміз. Қалай десек те киноның тамыры дәйім бүлкілдеп соғып, қашанда тәуекелдің желқайығы рухани құрағымызды желпіп тұрғанына не жетсін?! Жаңа жыл күні әр қазақтың отбасын қалжыңға қандыратын “Қалжа” туралы әлі де ой мен сөз мұнымен түгесілмес. Оның да бір кездері “Тағдыр тәлкегі…” фильмі сияқты жалғасы түсіріліп жатпасына кім кепіл?! Бәрі – уақыттың уысында.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.