Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Жексенбі, 22 наурыз 2009Құрметті достар! 
Бәріңізді көктемнің тамаша наурыз мерекесімен құттықтаймыз!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын!Отбасыларыңызға шаттық, береке әкелсін!

 

 

Ұлыстың ұлы күні Наурыз - ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша наурыздың 22-сі, күн мен түннің теңесу кезіне келеді. Күн мен түннің теңелгені, түннен күнге бет бұрған, табиғаттың барлығы гүлденген, өскен, қытымыр қыстың беті қайтып, күллі дүние қайта түлеген мезетке сәйкеседі. Наурыз – шын мәніндегі көктем мерекесі!

Ол – тек қазаққа тән мейрам емес, бүкіл шығыс халықтарында мыңдаған жылдар бойы тойланып келе жатыр. Басында диқаншылық пен айналысатын иран тілдес Орта Азия халықтарының күннің жаз мезгіліне аусқанда егіс өсіру науқаны басталғанын мерекелеу дәстүрінен шыққан. Сондықтан да парсы тілінде «ноу – жаңа, руз - күн», яғни «жаңа күн» мағынасын беретін, расында да күллі дүниені қайта түлеткен жаңа, жылы да, шуақты күндердің басы саналатын ұлыстың ұлы күнін еліміздегі барлық ұлт өкілдері тойлауда.

Ұлыс күні Қызыр ата табалдырықтан аттайды, ренішті ұмытып, кінәні кешірісетін, жастары жасамысына сәлемін, қарттары ұрпағына батасын беретін бұл күні Қызыр атаның ақ тілегі қабыл болады.

Наурыз ең көне мейрамдардың бірі, тарихы тереңде жатқан бұл мереке елде әр уақытта болып еді. Әр уақытта іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі елдіктің, ырыс пен бақ берекенің мерекесі болып саналатын халқымызда. Қыстан қиыннан шыққан халқымыз бір бірімен қауышып, бір-бірімен төстесіп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат деп, келешектен бақыт тілеп наурыз көже ішетін болған. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, жастар бір-бірімен махаббаттарын одан әрі асыратын, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсыға қарай бет бұратын кез болған.

Өкінішке орай, Кеңес заманының өткенді ұмыттыруға, тарихтан, тамырдан бөлуге бағытталған саясатының кесірінен бұл мейрамнан біраз жыл ажырап қалдық. 1926 жылы сол кездегі биліктің шешімімен наурызды атап өтуге ресми түрде тыйым салынды. Араға 62 жыл салып ұлтжанды азаматтарымыздың табандылығының арқасында ұлыс күні ел ішіне қайта оралды. Ал, тәуелсіздік таңы атқаннан кейін 1991 жылы халықтық мереке елбасының жарлығымен мемлекеттік мейрам ретінде жарияланды. Содан бері ұлыстың ұлы күні барша қазақстандықтардың сүйікті мерекесіне айналды. Бұл халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі болып саналады.

Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын.