2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Мухаммед Абу Әзиз, Халид Хамза, Хасан Ибрагим сынды өнер иелерінің қылқалам қиялынан Иордания топырағының табиғи бояуы мейлінше қанық түскенге ұқсайды. Қазіргі келбетінен гөрі оның ежелгі өркениетінен ой сабақтап жататын кең арнасына кезіккен сәтте сахараның бұйра жалдары толқындай иіріп ала жөнеледі. Ол шөл даланың құмдауыт жоталарында жорғалаған сағымның санадағы елесі іспетті көрінеді. Әр картина, әр туынды жан жұмбағын шешуге әрекеттенген ұмтылысты ұғындырып тұрады. Оларда соншалық көз жауын алар әсем безендірулер, бірімен-бірі астасып кеткен түрлі жолақтар көп ұшыраспайды. Неғұрлым аз детальмен өмірдің мән-мазмұнын терең қозғауға талпынған таным-түйсік таңырқанта табындырады. Ислам мәдениетінің шексіз кереметіне лайық ізгілік ізі осы азғантай бұйымның маңдайына бұйырып-ақ тұр. Адам баласының бейнесін олар әр қырынан құбылтып құруға, жөнсіз бедерлеуге құлықты емес. Бұл ретте де ондағы жұрттың исламдық ұстанымнан әрі асып кетпейтінін аңғарасыз. Кісі тәнін анайы кескіндеу жоқтың қасы. Тек қана ара-тұра адам бейнесі қылаң беріп қалады. Одан бірақ соншалық дәл кескінді, тіршіліктің нақты бір иесін таппайсыз, көз алдыңызда тек табиғаттың беймәлім күйін шерткен сыршыл белгі сырғымай тұра қалады. Мұндай парасатты пайым арқылы суретші өзінің ең әуелі ислам мәдениетінің өкілі екенін жеткізсе, екіншіден, қылқалам қиялы кісіге дүниедегі барлық нәрсенің көшірмесін қайталап ұсынуға міндетті емес дейтін тұжырымды нақтылайды. Табиғатты Тәңірдің соншалық бай, керемет, көркем етіп жасауының құпиясын іздеу жолындағы іс қана ізгілікті деген қағидаға бой ұсынған бояуды көресіз.Олар мұнда сондай көп те дүние әкеле қоймаған, бірақ өнер адамдары жан-дүниесінің шуағы сол аз картинаға сыйып кетіпті. Әрине, біз мұны әлемдік деңгейдегі полотнолармен салыстыра алмаймыз. Алайда сонау Иордания Корольдігімен арадағы алыс жолды жақын еткен мұндай жарқын күндер шуағына жылынған жан мерейлі.Иорданияда кімдер тұрады, тұрмыс-тіршілігі қандай ел деген сұраққа жауап табу үшін міндетті түрде олардың қолөнерімен жете танысуға тура келеді. Өмірдің барлық бедер-белесі осында жатыр. Сондықтан да осы шара аясында өткен қолөнер шеберлерінің көрмесінен көп мағлұмат алдық. Ұлттық киімдегі ою-өрнектер, қалта, төсеніш, кілемше секілді басқа да тұрмыстық бұйымдардың көркемделуі шығыс халықтарына тән өркениетті аңғартады. Тастан тізілген картиналар, зәйтүн ағашынан жасалған кәдесыйлық заттар Иордания шеберлерінің өзіндік қолтаңбасын мейлінше қанық реңкте көрсетіп берді. Мұнда да кәдімгі ыдыс беттеріне қасиетті Құранның сүрелері таңбаланып, олардың өмірі мен өнері қай бұлақтан нәр татып жатқанын ап-анық пайымдайсыз. Әлгі ыдыстардың ортасына Петра, Жераш сынды әйгілі тарихи мекендердің бейнесін салу үрдісінен, халықтың тарихы мен мәдениетін біріктіру идеясынан қолөнердің бұл елде қандай байыпты бағыт ұстанып отырғанын көресіз. Қолөнер бұйымдары көрмесін ұйымдастырушылардың бірі Абдуразақ Мухайзен: “Біз мұнда өкінішке қарай өзіміздің көрсін деген бұйымдарымызды түгел алып келе алмадық. Әйтпесе қымбат заттарымыз көп еді. Мына өрнектердің үніне құлақ түрсеңіздер, Иордания даласын жайлаған барша қолөнер шеберлерінің жүрек лүпілін сезінесіздер” деді. Шынымен де көрме шап-шағын, бірақ қонақ айтқандай, әр таңбаның шежіресі бізді тарихтың терең қойнауына тарта берді. Әлгі Петра, Жераш деген шаһарлар Иорданияның інжу-маржаны саналатыны, тіпті Петра қаласы әлемдік деңгейдегі құндылық ретінде бүгінде ЮНЕСКО тізімінде тұрғаны белгілі. Ғасырлар керуені аялдаған тарихи орын сансыз жұлдыз шашыраған қасиетті мекен саналады. Осы маңнан ежелгі бедуиндер сазы мәңгілік тіршілік күйін шертіп тұрады. Көрме иесі шерткен аз-кем әңгімеден түйген сырды әрі қарай енді біз сөзіміздің басында айтып өткен “Рам” тобының өнері туралы оймен сабақтасақ па дейміз.Үстеріндегі киімі әппақ болып он өнерпаз сахнаға шыға келген сәтте әуелі осы түс көрерменді әуеннің шынайы көкжиегіне алып шыққандай әсерде қалдырары рас. Әуен, ән, саз осыдан кейінгі дүниеге айналар еді. Тағы да сол шығыс аңызындағы ақ түстің киелі үғым саналатыны жадыңызға оралады. Мұсылман қауымының киімі мен ішкі ниетіне тән түспен өнер көрсету “Рам” тобының басты ерекшелігіне айналып кеткен тәрізді. Шынымен әуелеген әуен де әлгі түспен үндесіп кетті. Ән мен музыканы жұртқа ешкім таныстырып жатпады. Жұрт саздың тікелей өзімен табысты.Осыдан он жыл бұрын негізі қаланған топқа Тарек Әл-Нәсір жетекшілік етеді. Ол араб музыкасына заманауи леп әкелген, өзгеше өрнек құйған талант иесі есептеледі. Орындалатын шығармалардың дені оның өңдеуімен қайта жаңғырып, эстрада, классика, джаз және дәстүрлі музыка өнерінің түгелімен бір топ бойына шоғырлануын жұртшылық мәдени құбылысқа балауда. Сондай-ақ “Рам”-ның осы аралықта Оман, Тунис, Марокко, Сирия, Кувейт, Катар, Италия, АҚШ, Франция, Швеция, Германия, Голландия, Түркия елдерінде өнер көрсетуі сол ойды растайды. Өнер тобының Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны өз әлеміне бағындырып, соңынан ерте білуі ғаламдық әуенмен жарасымды қабысуы деп пайымдалуда. Жалпы, мұндай төрт түрлі үннің бір арнаға тоғысуы сирек жәйт. Төрт жанрдың музыкалық аспаптары да бұрын-соңды осылай көкке самғап көрмеген. Әл-Нәсір шеберлігі сол өрнекті құлпыртуында болып отыр. Осы арқылы ол дала мәдениетінің жаңа бір қырын ашып берді. Байыппен үңілсек, табиғаттың өзі тұнған әуен екен. Оның тылсым сырына құштар жанға ол да тәкаппар кейіп танытпай, құшағын кеңінен ашады. Тарек Әл-Нәсір шығармашылығы шыңырауынан осындай ой түйдік.Президенттік мәдениет орталығы мен Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында өткен “Рам” тобының концерті елордалық көрерменге жылы сезім сыйлады. Араб музыкасының өрнегі төгіліп тұрған шырын әуенге жан тебіренді. Батыстық сарынды басты бағыт етіп ұстамағанмен, ол да белгілі бір дәрежеде көрініс тауып жатты. Жалпы, шынайы өнер – барша халық үшін ортақ құндылық. Бұл ретте “Рам” тобының әр тараптың таңдайға татырларын таңдап алуы құптарлық. Музыкалық жанрлардың синтезінен әсем әуен тамылжытқан осынау кеш жан жадыратты. Сахарадан жеткен саздың саумал лебі сергітті. Елордадағы үш күнге созылған мәдениет күндері көңілді көкорайға бөлеп, лезде өте шықты. Алайда, Астана мен Амман бауырлас қалалар болғандықтан, екі ел арасындағы рухани жалғастықтың жарасты қырлары әлі толық ашылып біткен жоқ деген оймен сөзімізді бітіреміз.
Авторы: Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.