Культурное наследие Национальный проектСохраняя прошлое, создаём будущее   
  • Лента на Twitter
  • Youtube
  • Лента на Facebook
 

Статьи и публикации

Ораз ӘБІШЕВ

Понедельник, 18 марта 2013 

oraz-abishev

Қазақ мәдениеті мен кино өнері ауыр қазаға ұшырады.

Көрнекті кинорежиссер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Ораз Әбішев 97 жасқа қараған шағында дүние салды.

Ораз Әбішев 1916 жылы 1 мамыр күні бұрынғы Семей облысының Абай ауданының Қайнар ауылында дүниеге келді. 1938 жылы Алматыда Қазақ музыкалық театры (қазіргі Мемлекеттік академиялық опера және балет театры) жанындағы студияны бітірген. 1938-1939 жылдары аталған театр құрамында әнші болып қызмет атқарды. 1939 жылдан бастап әртүрлі тақырыпта жүзге жуық фильмдер түсіріп, ұлттық деректі кино өнерінің негізін салушылардың біріне айналды. «Қазақфильм» киностудиясында түсірген «Кеншілер қаласы», «Дина Нұрпейісова», «Шалғай жайылымдар», «Абай», «Сәлем саған, Москва», «Денсаулық аралы», «Апа», «Ашылған алақанның құпиясы», «Тастағы таңба», «Бір хаттың ізімен», «Тарихпен тілдесу», «Мәукен даласы», «Талғаттың зеңгір аспаны» тағы басқа шежірелік-деректі, ғылыми-көпшілік фильмдері қазақ кино өнерінің сүбелі туындыларына айналды.

Ораз Әбішевтің өнері әр кезеңде лайықты бағала­нып, 1974 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лау­реа­ты, 1996 жылы Қазақстанның халық әртісі атағына ие болды.

Ораз Әбішев белсенді өмірлік көзқарасты ұстанып, кино саласында көптеген шәкірттерді тәрбиеледі. Абзал азамат, белгілі өнер қайраткері Ораз Әбішевтің жарқын бейнесі жадымызда әрдайым сақталады.

 

Қазақстан Республикасының

Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Қазақстан кинематографистер одағы.

_____________________________

ӨНЕРДЕГІ АЛЫПТАРДЫҢ БІРІ ЕДІ

 

О, опасыз жалған-ай… Ақкөз ажал халқымыздың тағы бір иықты, сүйікті перзентін арамыздан алып кетті. Өзі жүрек қалауымен бүкіл саналы өмірін арнаған өнерде өшпес із қалдырған санаулы саңлақтарымыздың бірі – Ораз аға Әбішевтің қайтыс болғаны жайлы қайғылы хабар онсыз да сырқат жүректі одан сайын сыздатып тұр…

Өмірде өзі жұмыс істеген саламен біте қайнасып, сол саланың символына айналып кеткен ірі тұлғалар болады. Сондай сом бітімді соны тұлға еді Ораз Әбішұлы Әбішев. Айғақты кино десек – Ораз ағаны, Ораз аға десек – қазақтың айғақты киносын еске аламыз. Екеуі бір-бірінен айыруға болмайтын егіз ұғым. Ораз аға өзі түсірген киноленталарда өзінің сүйікті кейіпкерлері Дина Нұрпейісова, Қажымұқан Мұңайтпасов, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Кенен Әзірбаев, Талғат Бигелдинов, тағы басқа да тұлғалардың жан дүниесін жарқырата ашып еді-ау.

Ұлттық сананы жаңғыртып, ұлт­­­тық рухты асқақтатқан «Тастағы таң­ба­лар», «Ашық алақан сыры» қандай ға­жап десеңші! Менің есіме Ораз аға­­­­н­ың «Арман аралы» атты фильмі түсіп отыр. Шөл даланы гүлдендірген еңбектің құдіреті, сол құдіреттің иесі, қарапайым, жаны жайсаң жандар жайлы бұл еңбек бүгін де аса маңызды. Шә­кен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мә­жит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев сын­ды қайталанбас, қайта тумас хас та­лант­тармен бірге жұмыс істей жүріп Ораз ағаның өзі де сондай тұғыры биік тұлғаға айналды.

Ораз Әбішевтің адамгершілігі, азаматтық тұлғасы, сергектігі сымбаты бөлек сұлулық еді. Кісілігіне кішіпейілділігі сай Ораз аға мен Шолохов атындағы халықаралық сыйлық алғанда үлкен басымен өзі келіп, құттықтап еді. 70 жасқа толған мерейтойыма орай жа­йыл­ған дастарқанға ақ батасын беріп, алғашқы тілек сөзін айтқан да Ораз ағам еді. Сол мерейтойда әрісі алыс, берісі жақын шетелдерден келген мәртебелі меймандар қазақ ақса­қалының ойынан халқымызға тән даналықты көріп, таңданып таңдай қағып еді. Аса қонақжай Ораз ағаның үйінен талай мәрте дәм де татып едік. Күні кеше еді-ау, 95-ке толған мерейтойын өзімен бірге атап өткеніміз.

Осыдан біраз бұрын сүйікті ұлы Абылай қайтыс болғанда басын көтере алмай жатып қалды. Енді міне, өзі де бақилық болды.

Қош бол, қоштасуға қимайтын қайран ағам, қасиетті абыз Ораз аға!

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 _____________________________________

ДЕРЕКТІ КИНОНЫҢ ДАРАБОЗЫ

 

Ораз ағаның маңдайына Жаратқан Ие 30-шы жылдары енді тәй-тәй басқан қазақтың кино өнерінің санау­лы қарлығаштарының бірі болуды жазыпты. Қазақтың тұңғыш деректі кино режиссері болуды жазыпты. Бұл салада оған дейін қолына камера ұстаған жалғыз қазақ – Ескендір Тынышпаев болғаны аян. Бірақ, ол кинооператор еді. 1938 жылы казіргі Абай атындағы опера және балет театрының жанынан ашылған студияны бітірген жас Ораз бірден қолына камера алып деректі кино түсіре бастайды. Солардың ішінде сақталған фильмдері «Дина Нұрпейісовадан» басталады. Әлі күнге ұлы күйші композитордың «тірі» бейнесін экраннан көріп жүрген болсақ, сол бейне үшін біз кинорежиссер Ораз Әбішев камерасына қарыздармыз. Содан кейінгі жерде «Абай» (1953 ж), «Тастағы таңба» (1968 ж), «Тарихпен тілдесу» (1972 ж), «Сынақ» (1977 ж), «Талғаттың зеңгір аспаны» (1979 ж), «Ерліктер мекені» (1980 ж), «Мұқан Төлебаев» тәрізді 20-дан аса қазақ деректі киносының алтын қорына қосылған фильмдер түсіріпті. Еңбек жолын деректі кинодан бастаса, ұзақ ғұмырында сол таңдаған өнер жолынан қия бас­папты. Өнеріне адал болыпты.

Ол өз ұлтының және ұлтының ұл мен қыздары­­ның тарихтың тарнау жолдарындағы аяулы бейнелерін мәңгілеп таспаға түсірді. Таспаға түсі­ріп қана қоймай, таңбалап тарихқа енгізді. Деректі киноның ерекшелігі сол. Ғажайыбы сол – ол таспаға таңбаланған тұлғалар мен замана бейнелері уақыт озған сайын ескірудің орнына, керісінше, жарқырай түседі. Құны артып алтынға балана түседі. Деректі кино абызы Ораз аға Әбішев соңына сондай мұра қалдырды. Ораз ағаның отбасына көңіл айта отырып, марқұмның жаны жәннатта болғай дейміз!

Смағұл ЕЛУБАЙ,

жазушы.

______________

 

ТҰТАС БІР ДӘУІР

Ораз Әбішевті қазақтың деректі киносының классигі дейміз. Ол осы салада аса көрнекті із қалдырды. Мем­­­ле­кеттік киножарнамаларға қарайтын болсақ, қаншама кино­герлердің, теледидаршылардың осынау ізашар кино­режиссердің түсірген телегей-теңіз материалдарын пайда­ланғанын көрер едік. Бұл оның осы жанрда өте үлкен мұра қалдырғанын байқатады. Мұрағаттарда сақталған осы мұралар зор байлық, республиканың айғақты тарихы, аса құнды рухани қазынамыз. Ал, Ораз ағаның өзі қазақ деректі киносындағы тұтас бір дәуір болып табылады.

1981 жылы Ленинград институтын бітіріп келгенімде «Қазақфильмнің» деректі кино бөліміне түстім де, Ораз аға­мен сонда алғаш кездестім. Менің Ұлы Отан соғы­­­­­­­­сында екі аяғы мен қолынан айырылған мұғалім туралы «Ұстаз» атты дипломдық фильмім Алматыда өтіп жатқан Бүкілодақтық 10-шы кинофестивальға қатысты. Қазақстан тарапынан Ораз Әбішұлы қазылар алқасының мүшесі болатын. Жас режис­сермін. Бірінші фильмім бірінші рет аламан бәйгеге түсіп жатыр. Көңілім сондай толқулы. Орекеңнің сонда осы фильмнің лайықты басты жүлделердің бірін алуы үшін соншалықты жан салып тартысқаны есімде. Оның кәсіби, адами қасиеттері жадыма өшпестей жазылды. Одан кейінгі жылдарда біз сияқты деректі жанрдағы киногерлер үшін ол барлық жағдайда үлгі-өнеге көрсетіп, алдымыздағы ақылман ағамызға айналып еді.

Оның даңқын шығарған «Дина», «Қалыбайдың бағы», тағы басқа фильмдері шын мә­ні­­­сіндегі жауһарлар. Ол өз уа­қытының тынысын, туған халқы­­ның өткен өмірін, салт-дәс­­­түрін деректі кино тілінде шынайы бейнелеп көрсете білді.

­Жаны жайсаң, жүрегі ізгі еді. Айна­ла­­сына әрдайым жай­машуақ көңіл сыйлайтын. Үлкенге де, кі­шіге де ақ­са­қалдығын сатпайтын, ұлық басын кішік ұстайтын кіші­пейіл еді. Жұрт оны осындай бекзаттығы үшін де қадір тұтты.

Ораз Әбішұлының өмірі қазақ деректі киносының қайтып оралмас дәуреніндей көрінеді. Сіздің жарқын бейнеңіз әрқашан есімізде сақталады, ұлағатты ұстаз аға!

Рымбек ӘЛПИЕВ,

кинорежиссер, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері.

_________________________

 

ӨЗ ҚОЛТАҢБАСЫ БАР СУРЕТКЕР

Ораз аға екеуміздің ұстазымыз ортақ болды. Ұстазымыз – КСРО Халық әртісі, бес рет қатарынан Мем­­­лекеттік сыйлықты иемденген Роман Кармен соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан туралы толық метражды картина түсірді. Ораз аға сол кезде Роман Карменнің ассистенті екендігін мақтанышпен айтып отыратын. Мен де Карменнің соңғы шәкірттерінің бірі едім.

ВГИК-ті бітіріп, дипломдық жұ­мы­­сымды қорғауға кіріскенде осы екі бірдей азаматтың қамқорлығын қатар көрдім. Бауырларына тартып, баулыды.

Жасыратын несі бар, ол кезде кинохроникада басқа ұлт өкілдері жұмыс істеді. Солардың қатарында болып, тең жүру үшін көп еңбектену керек еді. Біз ол кезде Ораз ағадай тілектес және ниеттес адамдардың қамқорлығына зәру едік. Айтқан ақыл-кеңесі бізді алға сүйреді.

Ораз аға сабырлы, артық сөзі жоқ, орнықты адам болды. Ол кісінің жүріс-тұрысына еліктейтін едік. Өмірімнің күрделі, сынақты кезеңдерінде уа­қытты босқа жібер­­­­мейін деп, Алма­тыдағы Орталық мемлекеттік мұра­жайда 2-3 ай отыр­дым. Әріптестерім мен заман­­дастарымның қандай деректі картиналар жасағанын зерттедім. Сол кезде Ораз Әбішевтің шеберлігі мен ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбе­гіне көзім жетті. Ұлттық, тарихи, мәдени мәселелерге жаны ашитынын көрдім.

Мен 1970-ші жылдар аяғында Арал теңізі жөніндегі «Жоқтау» атты картинамды бастағанда 25 жыл бұ­рын Ораз Әбішев түсіріп үлгерген фрагменттерді пайдаландым. Бұл мен үшін бағасы жоқ материал болатын.

«Қазақфильмге» біздің жасымызда келген Ораз аға бізге ақсақал сияқты болып көрінетін. Ешкімге ұқсамайтын өз тақырыбы мен өз қолтаңбасы бар суреткер еді.

Көзқарасымыз егіз сияқты көрі­н­е­тін осындай адаммен қатар жүріп, әріптес болғанымды мен барлық кезде мақтаныш тұтамын. Арамызда 40 жыл жатса да бүкпесіз сырласатын едік. Мұндай адамдардың ақылы бізге ауадай қажет болды.

Ұлттық деректі киноның ең көр­некті ақсақалы болған Ораз ағамыз осы жауапкершілікті алып жүрді және терең түсінді.

Сергей ӘЗІМОВ,

кинорежиссер, Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері.

Егемен Қазақстан

15.03.13